Жастарды жат ағымдардан сақтандыру – міндетіміз!

Жастарды жат ағымдардан сақтандыру – міндетіміз!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Барлық мақтау-мадақтар біздерді жоқтан бар етіп жаратқан,  Әлемдердің Жаратушысы Ұлы Раббымызға болсын. Сондай-ақ Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.у)-ға сан-санақсыз салауат жаусын. 

Өкінішке орай, теріс діни ағымның ығына жығылған жастарымыздың саны бір кездері күрт өсті. Жаһандану дәуірінде түрлі-түрлі рухани қауіп-қатерлердің бар екендігі және жастарды «бұқаралық мәдениеттің» зиянды әсерінен қорғау маңызды рөл атқаруда. Өскелең ұрпақ арасында жастар санасын бөтен идеялардың ықпалынан қорғау, ақпараттық шабуылдарға қарсы идеологиялық иммунитетті қалыптастыру, қылмыстың, құқық бұзушылықтың, нашақорлықтың, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға көмектесу үшін патриотизм сезімін арттыру қажет деп санаймын.

  Жастарымыздың діни жат ағым жетегіне кетудің ең алғашқы себебі, әрине – діни білімсіздік. Дінге толық таныммен, біліммен келмей шала сауатпен, эмоционалды сезіммен келіп, көбіне өзінің қалай адасқанын аңғармай жатады. Білімсіз адамның өзіне деген сенімсіздігі, дін төңірегіндегі сұрақтар туралы кішкене болса да ақпараттың болмауы сөзі мен іс-әрекетінен көрініп тұрады. Жат ағым жетегінде жүрген азаматтардың басым көпшілігінің діни сауаты өте төмен болып келеді.

   Келесі бір жастарымыздың адасуына себеп болып отырған – ғаламтор мен әлеуметтік желілер. Өкінішке орай, әлеуметтік желілер мен ғаламтор беттерінде тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, экстремистік сипаттағы топтардың әлеуметтік желілерде, адамды қызықтыратын түрлі материалдармен бөлісуі, жастардың ақпарттарды дұрыс сүзгіден өткізе алмауы адасуға әкеліп соғуда. Әлеуметтік желілерде ақпараттардың ашық болуы, әр алуан мағлұматтардың көптігі жастарымыздың санасының улануына әкеліп отыр.

  Теріс жолға түсіп кетпеудің, идеологияның құрбаны болмаудың тағы бір өзекті мәселелерінің бірі – отбасыдағы тәрбие. Әке-шешенің, туған-туыстың беретін тәрбиесінің мардымсыздығы немесе ата-анасы толық емес отбасылардан шыққан балалардың, жан жылулығын отбасынан таппай, көшеден іздейтіні тағы бар. Күн-көрістің қамымен жүріп, күйбең тіршілік күйгелектеткен баланың ойындағы оқи да алмаймыз. Ол аз десеңіз, балаға тәрбие беруге келгенде өкінішке орай, салғырттыққа салынып жатқанымыз да жасырын емес. 

 Қорытындылай келе, жоғарыда көрсетілген түрлі факторлардың шешімін тауып, жастарға жол көрсетіп, жөн сілтеп, дұрыс бағыт-бағдар беру – баршамыздың міндетіміз деп ойлаймын. Барлық мәселеге жастардың өзі кінәлі дегенге алып келмей, ел болып, жұрт болып бірге атсалысуымыз қажет. Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгіріп жүріп қызмет ететін жастарды тәрбиелеу – уақыт күттірмейтін іс.

  Ахат Қайыпбергенұлы

"Әбдірашит ата" мешітінің имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: