Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы бойынша бірнеше ауылда тасаттық беріліп, халық ауыл шетіне шығып истисқа намазын оқып, Жаратушыдан жауын-шашын тілеп жамағатпен дұға қылынды. Намаздан кейін ауыл имамдары жамағатқа хұтпа айтып, уағыз-насихат жасады. Сонымен қатар, нәпіл құрбандықтар шалынып, дастарқан жайылып, құдайы ас, тасаттық берілді.
Жаңбыр тілегенде және жауғанда мына дұғалар айтылады.
Алла елшісі жаңбыр тілегенде: «Аллам, құлдарыңды және
мақлұқаттарыңды суара көрші. Рахымыңды таратып, өлі жеріңді тірілте
көрші», – дейтін.
Алланың елшісі жауып бастаған жаңбырды көргенде: «Аллам, жақсы және пайдалы болсын», – деп тілейтін.
Жаңбыр мөлшерден тыс жауғанда: «Аллам, үстімізге емес, айналамызға жаудыр. Аллам, оны төбешіктер мен тауларға, тоғайлар мен жайлауларға, сайлар мен ормандарға жаудыр», – деп тілейтін.
Әдетте тасаттық мұсылмандар үшін қасиетті күн – жұмада орындалған. Негізінде дініміз бойынша қалай жаңбыр тілеу керектігі Құран Кәрімде және Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мүбәрәк хадис шәріптерінде баяндалған. Бірақ, тасаттықты міндетті түрде жұма күні орындау қажет деген шарт жоқ.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі