Баланы байлық, баланы бақыт деп бағалаған ата-бабаларымыз оның тәрбиесіне жауапкершілік танытқан. «Әдепсіз өскен адамнан, тәртіппен өскен тал артық» деген. Ия, соңғы жылдары қоғамда бала тәрбиесіне қатысты мәселе жиі айтылып жүр. Қазір баланың назарын аударатын, қызығушылығын арттыратып дүниелер көбейді. Әсіресе жылтырға құмартуға, даңғазаға еліктеуге жас буын бейім. Ол үшін алды артын аңдамаған, оң мен солды, жөн мен жолды ажырата алмаған жастарды кінәлауға болмайды. Мұның төркінін тәрбиеден іздеуіміз керек.
Асыл дінімізде имандылық, тәрбиеге аса мән берілген. Мұхамед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: - Адам өлгеннен кейін оның амал дәптері жабылады. Бірақ мына үш жақтан сауап жазылуы жалғаса береді: жария садақа (адамға және қоғамға жиі пайдасы тиестін істер мен құрылымдар), адамдарға қалдырған пайдалы ілімдері және оған әр уақытта дұға етіп жүретін салиқалы (жақсы тәрбиелі) бала, - деген. Ислам дінінде өмірден өткен ата-ананың артынан дұға бағыштап, еске алатын, марқұмның сауаптарын толтыратын оның артындағы ұрпағы. Өйткені баланың алған тәрбиесі өмірлік азығы болып есептеледі.
Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Тәрбие-тұлғаны тәрбие ететін немесе бұзатын нәрсені білдіреді»,-дейді.
Жалпы Ислам дінінің өзі тәрбиеден, жанның тазалығынан тұрады. Имандылықты, еңбекқорлықты, адамгершілікті, қайырымдылық пен мейрім сынды ізгі қасиеттерді насихаттайды. Ал мұндай адамгершілік қасиеттердің бастауы-тәрбие.
Жасөспірімдердің қатысуымен орын алып жатқан қоғамдағы келеңсіз жағдайлар, қылмыстар бала тәрбиесіне бақылау болмағандықтан көрініс береді. Бала жас шыбық тәрізді, қалай бұрсаң, солай майысады. Сондықтан, буыны бекімеген шақтан назарға алып, жақсы ісіне қолдау танытып, ерсі әрекетіне тыйым жасап отыру қажет деп білемін. Бұл әрбір ата-анаға қатысты мәселе. Айналып келгенде бала тәрбиесі жалпыға ортақ жауапкершілік. Өйткені, елдің өркениеттілігі жастардың алған білімімен, баланың көрген тәрбиесімен өлнешеді.
Нұрбол Төреқұлов,
«Тәңкібай ата» мешітінің имамы. Тамды ауылы.