Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық «Сұлтан» орталық мешітінің бас имамы Қуаныш Досымжанұлының ұйымдастыруымен Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының құрылғанына 35 жыл толуына орай ақсақалдар арасында «Ақ бата» атты бата беруден аудандық байқау өтті.
Байқауға ауданға қарасты ауылдардан он тоғыз қария қатысып, екі кезең бойынша өзара жарысты. Қатысушылар билет таңдау арқылы бірінші кезеңде «Дін мен дәстүр» бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді. Екінші кезеңде, бата түрлері бойынша бата берді және бата беру үшін әр қатысушыға 10 минуттық дедлайн қойылды. Сонымен қатар, ақсақалдардың бата бергендегі сөз саптауы мен сыртқы киіміне де қосымша баға берілді.
Жарысқа аудандақ ақсақалдар алқасының төрағасы Қожайхан ата, Қоғамдық кеңестің төрағасы Бейсен Әлпейісов, Әкелер мектебінің төрағасы Маңғұтов Мырзабек, Аналар мектебінің төрайымы Түзел апа және «Сұлтан» мешітінің наиб имамы Сұлтаншәріп қажы әділ қазылық етті.
Жарыс нәтижесі бойынша 3-ші орынды Шәділбеков Райзо, Таукенов Нысанбай, Биназаров Әлібек, 2-ші орынды Өтегенов Серікбай, Қырықбаев Санат, 1-ші орынды Елубай Тұрсынбай иеленді. Жарыс жеңімпаздарына аудан бас имамының алғыс хатымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Байқаудан 1 ші орын иеленген ақсақалға облыста өтетін жарысқа жолдама берілді.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі