Бүкіл әлемді жоқтан бар қылған, біздерді иманның қуанышына бөлеген Жаратушы Алла Тағалаға сансыз мадақ-мақтаулар болсын!
Адамзаттың қараңғылықтан жарыққа шығуына себепші болған, екі дүниенің сардары – Мұхаммедке Алланың сәлемі мен салауаты болсын!
Асыл дініміз Исламда мұсылман адамның дүниеге келген уақытынан бастап дүниеден өткенге дейінгі жасау керек болған барлық іс анық көрсетіліп қойған. Сол заңдармен жүрген адам екі дүниенің бақытына жететіні сөзсіз белгілі. Соның ішінде мұсылманның келбеті жайында қасиетті Құрандағы «Әли Имран» сүресінің 133-134-аяттарында Алла Тағала:
وَسَارِعُوا إِلَى مَغْفِرَةٍ مِّن رَّبِّكُمْ وَجَنَّةٍ عَرْضُهَا السَّمَاوَاتُ وَالأَرْضُ أُعِدِّتْ لِلْمُتَّقِينَ.الَّذِينَ يُنْفِقُونَ فِي السَّرَّاءِ وَالضَّرَّاءِ وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ وَاللهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ
«Раббыларыңның жарылқауы мен кеңдігі жер мен көктей жәннатына жарысыңдар. (Бұлар) тақуалар үшін әзірленген. Олар – (тақуалар) кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында мал сарп қылғандар. Сондай-ақ ашуларын жұтушылар, адамдарды кешірім етушілер. Алла игілік істеушілерді жақсы көреді», – деген.
Осы аяттарда Алла Тағала мүминдерге Оның жарылқауы мен жәннаты тақуалар үшін әзірленгенін баяндап, кейін мүминнің келбетіне тән сипаттарды баяндап, олар таршылықта да, баршылықта да қолында барымен өзгелерге жәрдем беретінін, ашуларын ұстай алып, өзгенің кемшілігіне кешіріммен қарайтынын айтқан.
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де мұсылманның келбетіне тән түрлі сипаттар айтылған. Мысалы, хадис шәріпте:
الْمُسلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ
«Нағыз мұсылман – өзгеге қолымен де, тілімен де зиян тигізбеген адам», – делінеді.
Пайғамбарымыздың сөзі мен әрбір ісі біз үшін үлкен өнеге. Оған мысал ретінде мына бір оқиғаны айта кетсек. Пайғамбар (с.ғ.с) дінді жаюда қаншама қиыншылықтар көрген және оның ешқайсысына мойымаған. Пайғамбарымыздың Мекке ішінде үнемі жүретін бір жолы бар еді. Сол жол тура дін дұшпанының үйінің алдынан өтетін жол еді. Дін дұшпаны болған сол адам пайғамбардың өтіп бара жатқанын пайдаланып екінші жағынан қызықтап, терезеден пайғамбардың үстіне қоқыс тастайтын болған. Осылай уақыт өтіп жатты. Бір күні осы үйдің алдынан пайғамбар (с.ғ.с) өтіп бара жатып әдеттен тыс нәрсені байқады. Қоқыс тастайтын адам бұл жолы көрінбеді. Бұл кісінің жағдайын білуге пайғамбар (с.ғ.с) үйіне кірді. Қал жағдайын сұрап, Алладан шипа тілеген пайғамбарды көрген дін дұшпанының таңданысында шек болмады.
Пайғамбар (с.ғ.с) ахлағын, Ислам дінінің адмдардың бірі біріне бұйырған қарым-қатынастарын көріп, дін дұшпаны керісінше дінге тік тұрып қызмет ететіндер қатарынан болған екен. Міне бұл пайғамбар (с.ғ.с) өміріндегі бір ғана мысал. Осы оқиғадан алар ғибрат өте көп. Әрдайым кішіпейіл, кешірімді, көркем мінезді болу керек. Бұл қасиеттер әрбір мұсылманның келбетінен көрініп тұруы қажет.
Алла Тағала баршамызға көркем мінезді болуды нәсіп етсін!
Әбікеев Сәбит Арманұлы