Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі ханзада Фейсал бен Фархан Әл Сауд Эр-Риядта Сирияның өтпелі үкіметінің Сыртқы істер министрі Асад Хасан әл-Шибанимен кездесті. Бұл туралы ТАСС корольдіктің Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.
Келіссөздер барысында ханзада Фейсал бен Фархан «бауырлас Сирияның егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтай отырып, оның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қол жеткізуге бағытталған барлық күш-жігерді қолдайтынын» мәлімдеді.
Тараптар Сириядағы мемлекеттік институттарды сақтап қалу және оның араб пен ислам әлеміндегі лайықты мәртебесін қайтару мәселелерін талқылады. Сирияның өтпелі үкіметінің делегациясы Дамаскідегі билік ауысқаннан кейінгі алғашқы шетелдік сапарымен Эр-Риядқа келді.
Сапар аясында Сирияның жаңа әкімшілігінің Қорғаныс министрі Мурхаф Әбу Касра, Бас барлау қызметінің басшысы Анас Хасан Хаттаб және Сыртқы істер министрі Асад Хасан әл-Шибани Сауд Арабиясының Қорғаныс министрі ханзада Халед бен Салман Әл Саудпен де кездесті.