Қазақ халқының киiмi басқа ұлттардан өзгеше өзiндiк қасиетке толы. Адам баласы қай заманда да баскиімге ерекше көңіл бөліп, аса құрметпен қараған. Қуанғанда бөркін аспанға лақтырып, күйрегенде жерге ұрып сүйініш пен күйініштің де белгісін баскиім арқылы аңғартқан.
Ертеде екі тайпа ел жауласып өзара бітімге келе алмай жағдай қиындағанда ақ жаулықты аналарымыз араша түсіп, кимешектің үстіндегі жаулығын басынан сыпырып алып екі араға тастағанда киелі баскиімнен ешкім аттап өте алмаған. Демек, кимешектің саяси, тарихи мәні бар деп айтуға болады.
Әсіресе, әйелдердің тұрмыс – тіршілігінде шашты жинап, басты байлап жүрудің гигиеналық, этикалық, эстетикалық мәні зор. Тіпті, шаштың қадірі бастың қадірінен кем болмаған. Өткен заманда шашына рұқсатсыз қол тигізген бөтен адамнан сөз құнындай құн дауланған, төлем белгіленіп айыппұл алынған.
Кимешек –қазақ әйелдерінің әдемілігін арттырып, ажарын ашатын киелі бас киімі. Оның түрлері тігілуі мен әшекейіне қарай аймақтық рулық ерекшеліктерге ие, сан алуан сипатта кездеседі. Кимешектің әшекейі мен әдемілігі жас ерекшелігіне қарай парықталып тұрады. Мәселен, әр жастағы әйелдер кимешегінің ою — кестесі жеңіл, тым жылтырақ болмайды. Ал, жасырақ әйелдердің кимешегі қызылды — жасылды, барынша сәнді етіп әшекейленеді. Киелі кимешекті қалай болса солай кез келген уақытта кие салмайды. Оны кюге қатысты өзіндік жол — жорлар бар.
Кимешек — қазақ әйелдерінің киелі бас киімі.Әдетте кимешек ақ матадаң немесе ақ жібектен молдау пішіліп, адамның басын, иығын, кеудесі мен жаурынын жауып тұрады. Кимешекке қарап әйелдердің шырайын, жас мөлшерін, тұрмыс-жайын, тіпті жүріс-тұрысына дейін анық ажыратып алуға болады екен. Апаларымыздың ұқыптылығы мен салақтығы да кимешегінен көрінетін. Кимешектің түрі мен тарихи тұрпаты сан-алуан. Олар көбіне рулық-тайпалық өмір ерекшеліктеріне байланысты.
Қазақ халқы ешқашан жалаң бас жүрмеген. Ер адам, әйел адам өзіне сай бас киім киген. Жалаң бас жүрмеудің экологиялық, эстетикалық негізі бар. Қазақ бас киімдері сүннетке сай тігілген.
«Кимешек – пайғамбардың ноқтасы» деген де сөз бар. Бұл жерде «ноқта» сөзі тура мағынасында емес, бейнелі мағынада: тыйым, тәртіп, белгілі бір өлшем деген түсінікті білдіреді. Кимешектің өзге мұсылман әйелдер бас киімінен ерекшелігі – тек басты жабатын бүркеншектігі ғана емес, салтанатты да сәнді әшекейі мен әдемі пішіні. Кимешек әр аймақтың тұрмыс қажеттігінен туындағанын, ортақ өндірістік қатынастардың болмағанын ескерсек, сырт көзге ғана бөлек болып көрінеді. Ал – жақынырақ танысып, бізге жеткен пішім үлгілерін сараласақ, негізгі басты ұстанымы ортақ. Яғни, мәні сақталады, сәні уақыт үрдісіне, жеке ісмердің шеберлік деңгейіне, ой – қиялы мен өресіне сай өзгереді. Алайда, ортақ қағидасы бұзылмады. Әр өңір өзінше әр түрлі береді. Біреу ойығын ойып, біреу жиегін жиып, біреу өңірін сырып киді. Бәрі пайдасын біліп киді.
һibatulla.kz
Материалды дайындаған: Ақерке БЕКҚҰЛОВА
Суреттер дереккөзі: islam.kz