Түркістан облысы Сайрам ауданының Мәдениет үйінде ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2025 жылғы бағдарлық баяндамасында бекітілген «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында басымдық беретін бағыттар бойынша семинар өтті.
Шараға ҚМДБ Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Әуесханұлы және облыс бас имамы Ержан Сматұлы, өкілдік қызметкерлері, қала, аудан бас имамдары мен имам-молдалар қатысты.
Алғашқы сөзді Нұрбек қажы Әуесханұлы алып, қара шаңырақ мүфтиятымыздың атқарып отырған жұмыстары мен алда атқарар жобаларды талқылады. Имамдардың жауапты әрі сауапты істеріне сәттілік тіледі.
Шара соңында аудандардың бас имамдарына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы алғыс хаты табысталды.
Бұдан кейін рухани басқосу «Ислам және отбасы құндылығы» тақырыбындағы семинарға ұласты. Оған ҚМДБ Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Әуесханұлы, облыс бас имамы Ержан Сматұлы, сондай-ақ аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Мырзатайұлы және аудан бас имамдары, имамдар мен ақсақалдар қатысты. Семинар барысында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2025 жылғы Бағдарлық баяндамасын талқылау және алда атқарар шаралар тізбегін түсіндірді.
Биыл ҚМДБ құрылғанына 35 жыл толуына орай айтулы даталар мен атқаратын іс-шаралар бекітілген. Сонымен қатар, ауыл төбе билері мен зиялы қауым өкілдері пікірлерін білдіріп, қолдау білдіретінін айтты.
Сондай-ақ осы ауданда «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында «Шұғыла» дін мен дәстүр орталығы ашылды. Орталықтың мақсаты – ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттап, болашақ ұрпақтарымызға жеткізуге үлес қосу. Ашылу рәсімінде қазақ ұлтының, еліміздегі мекендеп отырған ұлыстардың салт-дәстүрлерінен көріністер көрсетілді.