Ережеп айы – жыл он екі айдың ішінде қасиетті айлардың бірі. Бұл ай Ислам діні келмей тұрып-ақ арабтар үшін қадірлі болған. Ережеп айы келгенде, олар өзара ұрыс-жанжал, соғыс, қантөгіс сияқты жамандықтарды тоқтатқан. "Ережеп" сөзін араб тілінен аударғанда "ұлықталған" деген мағынаны білдіреді.
Осы арада Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзі еске түседі: "Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, ал Рамазан – үмбетімнің айы."
Ережеп – Алланың айы деп айтуының себебі, бұл айда мұсылмандардың тәубелері қабыл болып, Алланың сүйікті құлдарына мейірімі мен рақымы түсіп тұрады. Шағбан – шапағат айы, ал Рамазан мұсылмандардың күнәларынан тазарып, тозақ отынан құтылатын ай.
Басқа бір хадисте былай делінеді: "Жұмақта балдан тәтті, сүттен ақ бір өзен бар. Ол өзен – Ережеп деп аталады. Кім осы айда ораза ұстаса, Алланың қалауымен сол өзеннен сусындайды."
Ережеп айында екі қасиетті түн бар: бірі – Рағайып түні, екіншісі – Миғраж түні. Егер пенде бұл түндерді ғибадатпен өткізсе, Алла Тағала оны рақымына алып, дұғаларын қабыл етеді.
Қорытындылай келе, Ережеп айы қасиетті айлардың бірі болғандықтан, бұл айда мемлекетіміздің тәуелсіздігіне береке тілеп, дінімізге күш-қуат сұрап, еліміздің аман, жұртымыздың тыныш болуын тілеуіміз қажет.
Меркі ауданы
"Ар-Рахим" мешітінің молдасы:
Алтынбеков Абдулла Молдабекұлы