Ең алдымен, шапағаттың сенім мәселесіне жататынын біліп алғанымыз дұрыс. Оны теріске шығаруға немесе қабылдамауға рұқсат етілмейді.
Имам Бұхари мен Имам Муслим риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Алдыңғы пайғамбарларға берілмеген бес нәрсе бар," – деп санап өтіп, оның ішінде шапағатты айтып өткен.
Имам Тахауидің "әл-Ақида әт-Тахауия" еңбегіндегі хабарларға сүйенсек, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өз үмбеттері үшін сақтап қойған шапағаттары хақ әрі рас делінген. Имам Ағзам Әбу Ханифаның ақида және сенім мәселелеріне қатысты пәтуаларының Ислам әлеміне кең таралуына зор үлес қосқан танымал ғалым Имам Матуриди: "Шапағат – үлкен дәлелдерге ие әрі өзіндік орны бар мәселелерден тұрады," – деген екен (Имам Матуриди "Таухид", 463-бет).
Шапағат сөзі тілдік тұрғыдан "панасына алу", "қорғаштау", "біреу үшін өзгеден жақсылық немесе өтініш сұрау", "Алланың кешірімі" деген мағыналарды білдіреді. Қазақ тілінде "шарапат" деп те қолданылады. Шапағат ету тек Алланың бұйрығымен ғана болатын іс. Өйткені Алла Тағала Құранда: "Ол күні Алла Тағаланың өзіне шапағат етуге рұқсат берген және сөзінен разы болған адамдардан басқаның шапағаты пайда бермейді" (Таһа сүресі, 109-аят). Және тағы бір аятта, яғни Бақара сүресінің 255-аятында: "Оның құзырында Өзінің рұқсатынсыз ешкім шапағат ете алмас," – делінеді. Құран аятының мағынасынан байқағанымыздай, қиямет күнінде біреу ортаға түсіп немесе біреуді біреу ақтай алмайды. Тек Алланың рұқсатын алған адамдарға ғана шапағат ету құқығы беріледі.
Шапағаттың бірнеше түрлері бар. Бұған Әһли сүннет уәл жәмәға ғұламалары бірауыздан келіскен. Ал енді Мұғтазила және басқа да түрлі ағымдар өкілдері түрлі қарама-қайшылық пікірлерде болған. Әуелі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) және шапағат етілушіге тиесілі болған шапағат түрлеріне тоқталып өтеміз.
Ең ұлық жоғары шапағат
Яғни, барлық пайғамбарлар арасынан тек Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) ғана тиесілі болған шапағат.
- Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сауаптары мен күнәлары тең келіп қалған үмбеттерін жұмаққа кіруі үшін шапағат етуі.
- Тозаққа әмір етілгендерді оған кірмеулері үшін жасалатын шапағаттары.
- Жұмаққа кіргендердің дәрежелерін көтеру үшін жасалатын шапағаттары. Мұғтазилалар шапағаттың тек осы түрін ғана растап, қалғандарын теріске шығарады. Ал Әһли сүннет сенімінде шапағаттың барлық түрлеріне қатысты сенімді әрі мутауатир хадистер келтірілген.
- Кейбіреулердің жұмаққа есеп-қисапсыз кіруі үшін жасалатын шапағаттары. Бұған дәлел ретінде Имам Бұхари мен Имам Муслим Укәша ибн Михсаннан риуаят еткен хадисті келтіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Укәшаның хақысына дұға жасаған кезде, ол кісінің жұмаққа есепсіз кіретін жетпіс мың адамның арасында болуын сұраған.
- Тозаққа кіргендердің азаптарының жеңілдеуін сұрайтын шапағаттары.
- Барлық мүміндердің жұмаққа кіруі үшін рұқсат берілетін шапағаттары. Әнастан риуаят етіледі: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Мен жұмаққа кіру барысында бірінші шапағатшымын," – деді (Муслим).
Одан кейінгі дәрежедегі шапағаттар
Төмендегі сегіз түрлі шапағат иелерін жатқызуға болады:
- Әр пайғамбарлардың өз үмметтеріне болатын шапағаттары.
- Періштелердің күнәһарларға болатын шапағаттары.
- Сәби, нәрестелердің өз ата-аналарына болатын шапағаттары.
- Алланың жолында шәһид болғандардың өз отбасыларынан жетпіс адамға болатын шапағаттары.
- Мүміндердің бір-біріне болатын шапағаттары.
- Құранды толық жаттаған қаридің өз отбасына болатын шапағаты.
- Құранның өз қариына (жаттаушысына) деген шапағаты.
- Оразаның ораза ұстаушыға болатын шапағаты.
Демек, ақыретте шапағатқа ие болу үшін дүниеде жамандықтардан сақтанып, жақсы амалдар мен ізгі істерді жасап, барлық тіршілік иелерімен көркем қарым-қатынаста болуымыз керек. Әсіресе сүннет амалдарға (мисуәк қолдану, тамақтан алдын және кейін қол жуу, үнемі дәретпен жүру, тақия киіп жүру, мұсылмандық хош иістер себініп жүру, сәлемді жария беру т.б.) терең мән беріп, орындап жүретін болсақ, Алла Елшісіне (с.ғ.с.) жиі салауаттар айтып жүрсек, осылардың барлығы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағатына кенелуімізге үлкен септігін тигізеді.
Автор: Үмбет Сабырханов
"Әл-Хақ" мешітінің имамы
Тұрар Рысқұлов ауданы