УАҚЫТТЫҢ 5 АҚИҚАТЫ

УАҚЫТТЫҢ 5 АҚИҚАТЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Уақыттың жылдам өтуі

Баяғыдай емес, аптамыз күн сияқты өте шығып, күніміз сағат сияқты зуылдап кетіп барады. Бір жұманы шығарып салсақ, артынан екінші жұманың зуылдап келіп қалғанын байқамаймыз. Осы орайда «Уақыттың мұнша жылдам өтуінің сыры неде?» – деген сұрақ туындайды. Сол баяғы сағат, сол баяғы секундтар, минуттар. Кезінде мың жасқа жуық өмір сүрген Нұх (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарға да Әзірейіл періште жанын алуға келгенде: «Пайғамбарлардың ішінде ең ұзақ жасаған пайғамбарсың, өмірің қалай өтті?» – деп сұраған екен. Нұх (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар: «Үйдің бір есігінен кіріп, екінші есігінен шыққандай болдым», – деп, өмірдің қысқалығын айтқан болатын.

Біз жылдам еш пайдасыз өткен күнге өкінудің орнына, қуанамыз. Күнделікті теледидардың алдында, ғаламтордың шырмауығында сағаттап отырған уақытымыз біздер үшін секундтар секілді. Неге олай? Өйткені адам ол уақыттарда өзінің санасын шайтанның иелігіне берген, өзі иелік етуге қауқарсыз. Ол теледидардағы актерлармен, сахна жұлдыздарымен, футбол алаңындағы ойыншылармен бірге тіршілік етуге көшкен. Олар қайғырса қайғырады, күлсе күледі. Олардың не істеп не қойып жүргені – оның әрдайым назарында. Осындай сәттерде оның тек денесі үйдің бір жиһазы секілді, ал жаны уақытша басқа әлемде саяхатта. Осылайша біреудің өмірімен өмір сүріп жатқан адамдар біздің қоғамда аз емес.

Өмірінің соңында ғұмырының зая кеткенін түсінген адам қатты өкініште болады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Олар сол күнді көргенде, дүниеде бір кеш немесе бір сәскелік уақыт қана тұрғандай болады», – деген («Назиғат» сүресі, 46-аят) .

 

Уақыт қайтып оралмайды және орны толмайды

Өтіп кеткен жылдар, айлар, күндер, тіпті сағаттар қайтып оралмайды және бос өткен уақыттың орны толмайды. Осы турасында Хасан Басри былай деген: «Әр атқан таңын саған былай дейді: «Міне, мен бүгін сен үшін жаратылдым, шамаң келгенше бос жібермей, амал жасап қал! Егер мені өткізіп алсаң, қияметте қайтып оралмаймын».

Бауырым, ойланып қарашы! Қанша күннің қақысын бере алдың? Қанша күнің бос өтті? Қияметте дене мүшелерімізге дейін біздің не істеп, не қойғанымыз жайында хабар береді. Сөйтіп біздің күнәларымызды әшкерелеп, бізге қарсы куәлік етеді. Сонда қандай уәж айтасың? Алла Тағала Құран Кәрімде: «Қиямет күні олардың тілі һәм қол-аяғы дүниеде не істеп не қойғанын жіпке тізгендей етіп айтып беріп, өзіне қарсы куә болады», – деді («Нұр» сүресі, 24-аят.).

Бауырым! Адам ғұмырының әр жасының өзінің алар үлесі, несібесі, ісі, берекесі бар. Жиырма жаста істеу керек істі сіз қартайғанда істемейсіз. Ілім алатын жаста ілім алу керек, үйленетін кезде үйлену міндет. Алған іліміңізді іске асырып, Алла жолында, елдің гүлденуіне қызмет жасайтын кезде оған да кірісу керек. Сол секілді күш, қуат кеміген кезде жас кезде алған іліміңізді, өмірде көрген қиыншылықтарыңызды, тәжірибеңізді, елге қылған қызметіңізді үлгі-өнеге ретінде жастарға айтар кезіңіз де келеді. Әрине ақыл айтып, дана болып, жол сілтеу үшін оған дейінгі кезеңдерді абыроймен атқаруыңыз қажет. «Жасыңда байқарың болмаса, қартайғанда айтарың болмайды» дейді қазақ. Бұл тектен-тек айтылмаған сөз. Сол секілді қазақта: «Қартайғанда жақсы адам көрген-білгенін айтады, жаман ішкен-жегенін айтады», – деген сөз бар.

Ең алғаш мұсылмандардың бірі болған Әбу Бәкір қайтыс болар алдында Омарға айтқан ұзақ өсиетінің ішінде әр істің өзінің уақыты бар екені жайында мынандай өсиет жолдары бар: «Егер жадыңда сақтай алсаң, саған мен мынандай өсиет қыламын: Алланың алдында сенің күндіз орындауың керек міндеттерің бар, оны түнде жасасаң қабыл етпейді. Сол секілді түнде орындалу керек амалдар бар, оны күндіз қабыл етпейді. Сонымен қатар есіңде сақта, парыздарды (міндетті амалдар) орындамайынша, қосымша құлшылықтарды қабыл етпейді», – деген.

Бұл жалпы намазға қатысты айтылған мәселе болғанымен, мұсылманның уақытын да қамтиды. Міндетті істерді жасамайынша, қосымша істердің пайдасы шамалы. Әрине бұл мәселенің бір жағы ғана ең маңыздысы – өмірдегі ағаттықтар, жасалған күнәлар, қайтарып түзей алмауымыз. Бұл жерде шынайы тәубе еткен адамның жайы бөлек. Өмірімізді бір сағат болсын артқа жылжытып, кеткен қателіктердің орнын толтыра алмайтынымыз турасында Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әрбір үмбет үшін белгіленген кесімді мерзім бар (яғни әр үмбеттің өз ажалы бар). Сол мерзім толып, ажал жеткенде, олар оны бір сәтке кейін шегере алмайды һәм бір сәтке тездете алмайды», – деген («Ағраф» сүресі, 34-аят).

 

Уақыт – адам үшін ең қымбат дүние

Егер уақыт қайтып оралмайтын, орны толмайтын дүние болса, ол – адам үшін ең қымбат қазына. Адам осы уақыт ішінде әрекет жасайды, ілім алып, дүние табады, өседі, өнеді. Уақытты тиімді қолданудың арқасында толағай табыстарға жетеді.

Күнделікті жасайтын еңбегіміздің де ақысын сағат сандарына қарап аласыз. Уақыт сіздің капиталыңыз іспетті. Пайдалы іске жұмсасаңыз, еселеп табысқа кенелесіз. Пайдасыз, арам іске жұмсасаңыз, керісінше ұтыласыз. Ұтылыс тек бұл өмірді ғана емес, ақыреттік өмірді де қамтиды. Сіздің бір күніңіз сіздің тағдырыңызды шешіп қоюы мүмкін. Сол себепті әр күнге бей-жай қарамау керек.

Әмияныңыздан жүз теңгеңіз байқаусызда түсіп қалса, сіздің жаныңызға батады, ал өлім шағыңызда миллиондарға сатып ала алмайтын бір сағатыңыз пайдасыз өтіп жатқанына жүрегіңіз ауырмайды. Сондай бір уақыт келеді, «Шіркін өмірімнің бір сағаты болсын кейін шегінгенде ғой, бәрі басқаша болар еді, басқаша әрекет етер едім», – дейтін. Алайда ондай мұрсат бізге берілмейді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа, Раббым! Маған аз ғана уақыт мұрсат берсең, жатпай-тұрмай қайырымдылық жасап, мол зекет-садақа беріп, ізгі жандардың қатарына қосылар едім» демей тұрып, өздеріңе ризық етіп берген нығметімізден жұмсаңдар», – («Мунафиқун» сүресі, 10-аят) деген.

 

Уақытты сақтап, кейін қолдануға болмайды

Уақытты адам керегінше тоқтатып, қалағанынша пайдалана алмайды. Ол сені күтпейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Күні шуақтап атқан әрбір күн былай дейді: «Егер жақсылыққа ұмтылған болсаң, асыққайсың. Өйткені мен сен үшін ендігәрі қайталанбаймын» (Байһақи), – деу арқылы әр күннің ерекшелігін меңзейді.

Атақты Хасан Басридың да осыған ұқсас сөзі бар: «Әрбір атқан таң саған былай деп айтады: «Әй, адам баласы! Мен бүгін сен үшін жаратылдым, сенің ісіңе куәгермін, мені бос жібермей, пайдаңа асырып қал, мен қайтып оралмаймын».

Сол себепті әр күніміз біз үшін бір тарих. Оны қанша қайтарғымыз келсе де, қайтара алмаймыз. Уақыттың керек емес жерін видеоны монтаждаған секілді кесіп тастай алмаймыз. Сол күні істеген ісіңіз, әрекетіңіз тарих болып қала береді, сіз оны өзгертуге қауқарсызсыз. Сол себепті әрбір ісімізге, айтар сөзімізге мұқият болайық. Бұл – төртінші ақиқат.

 

Уақыт барша адамға бірдей үлестірілген

Алланың әділдігі – баршамызға уақытты бірдей қылып үлестіруінде. Біреуге артық, біреуге кем қылмаған. Бірақ біреулер сол уақытты тиімді қолданса, енді біреулер ысырапқа беріліп, не дүниесіне, не ақыретіне пайдаға асыра алмауда. Уақытты ешкім сатып та ала алмайды, сатып та бере алмайды, тіпті ұрлап та ала алмайды.

Адам баласы өзінің құнсыздығын, өміріндегі сәтсіздігін, адамдарға сыйлы бола алмағанын тағдырға салып ақтала алмайтынының бір себебі – адамдарға Алла тарапынан уақыттың бірдей үлестірілуі. Әлемдегі кез келген табысқа кенелген адамдарды алатын болсақ, сіз секілді екі қолы, екі аяғы бар адамдар бұл деңгейге оңай жетпеді. Өмірінде жүз құлап, жүз сүрініп, неше мәрте кеудесінен итерілсе де, оған налымай, басқа жолдарын қарастырып, табандылық көрсетіп, ақыры жетістікке жеткен.

Құрметті, бауырым! Уақыт тым жылдам, кеше бала едің, бүгін жігітсің, ертең қаусаған шал боласың, ол – ақиқат, бұдан қашып құтыла алмайсың!

 

Хамзат ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ

«Иман» журналы, №12, 2024 жыл

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: