Патша үкіметінің қазақтар арасындағы діни саясаты бірқатар нақты қадамдармен ерекшеленді. XIX ғасырдың 60-шы жылдары Ресей империясы Орынбор шекаралық комиссиясы арқылы қазақ қоғамын зерттеп, онда Ислам дінінің қаншалықты терең енгенін анықтауға тырысты. Шенеуніктер қазақтардың арасында Исламға толықтай енбеген, жартылай көшпелі өмір салтына тән сенімдердің сақталғанын аңғарды. Бұл жағдай үкімет үшін тиімді болып көрінді. Себебі ол Исламды әлсіретуге бағытталған әрекеттер жасауға мүмкіндік берді. [1]
1867-1868 жылдардағы реформа нәтижесінде қазақ даласын әкімшілік басқару жүйесі өзгеріп, халықтың дәстүрлі рухани құрылымы бұзылды. Жаңа әкімшілік-басқару құрылымы арқылы Патша үкіметі қазақтардың діни жетекшілерінің (имамдар мен қожалардың) ықпалын азайтуға тырысты. Орынбор мұсылмандары діни басқармасы арқылы Ресей Ислам дінін бақылай отырып, оның ықпалын азайтуға тырысты. Осы кезеңде кейбір шенеуніктер қазақтар арасында Исламның орнына көне тәңіршілдік сенімін қайта жандандыруды ұсынды. Мысалы, белгілі миссионер Николай Ильминский қазақтардың дәстүрлі сенімдері мен нанымдарын зерттей отырып, Исламның қазақтар арасында әлсіреуіне ықпал етуге тырысты. Оның пікірінше, көшпелі қазақтар арасында Ислам толықтай орнықпаған, сондықтан оларды «байырғы сенімдеріне» қайтару арқылы билікті оңайырақ бақылауға болады деп санады [2]. Империялық билік Ислам дінінің халықты біріктіруші күш екенін түсініп, оның ықпалын әлсірету үшін қазақ қоғамында мешіттер салуға, медреселер ашуға шектеулер қойды. XIX ғасырдың соңына қарай Патша үкіметі қазақ жеріндегі діни қызметкерлерді қудалап, молдаларды әкімшілік бақылауда ұстауға тырысты. Мысалы, 1891 жылы қабылданған «Дала Ережесінде» молдалардың қызметін шектеу және Исламды тарату жұмыстарын қадағалау қарастырылған [3]. Дегенмен, «тәңіршілдік жобасы» халық арасында кең қолдау таппады. XIX ғасырдың екінші жартысында Ислам қазақ даласында берік орнықты. Қазақтың Исламды қабылдағанына бірнеше ғасыр өткен болатын. Сондықтан исламдық құндылықтар халықтың ұлттық болмысы мен руханиятына терең сіңіп үлгерді. Ресей империясының бұл әрекеттері Исламның беделін түсіруге бағытталғанымен, керісінше, қазақтардың діни бірлігі мен сенімін нығайта түсті. Сонымен қатар, Патша үкіметінің бұл саясаты қазақ қоғамында ұлттық және діни бірегейлікті күшейтті. Патша үкіметінің діни саясатына қарсы қазақ зиялылары белсенді түрде әрекет етті. Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ыбырай Алтынсарин, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы секілді ұлт зиялылары Исламның қазақ халқының рухани тірегі екенін жақсы түсініп, оны насихаттауға ерекше көңіл бөлді. Бұл тұлғалардың еңбектерінде исламның адамгершілік, білім мен руханияттың қайнар көзі екендігі айқын көрінеді. [4].
Тәңіршілдікті дін ретінде қабылдау - қате тұжырым. Ол жүйелі діни құрылымға немесе догмаларға негізделмеген, тек көне сенімдердің элементтері мен табиғатқа құрмет көрсетудің бір көрінісі ретінде танылуы тиіс және мемлекет құрушы, мәдени-рухани негіз қалыптастырмаған. X ғасырдан бастап Орталық Азиядағы түркі халықтары Ислам дінін қабылдап, тәңіршілдік біртіндеп ұмытылды. Исламның таралуымен бірге түркілердің рухани-мәдени өмірі өзгерді. Белгілі түркітанушы ғалымдар, соның ішінде Бартольд, Исламның түркілердің мәдениеті мен ұлттық болмысына үлкен әсер еткенін атап өтеді. Олар исламның тек діни ілім ретінде ғана емес, ғылыми, философиялық және құқықтық жүйе ретінде де дамығанын көрсетеді [5,6].
Ал заманауи тәңіршілдік – бұл тарихи наным-сенімнің қалпына келтірілуі емес, керісінше, жаңа идеологиялық құбылыс. Бұл ағымның насихатталуының басты мақсаты – қазақ қоғамын дәстүрлі Исламнан алыстату. Мұндай идеялар әсіресе, интернет платформаларында белсенді түрде таралып, жастар арасында танымал бола бастады. Алайда бұл құбылысты «ұлттық бірегейлік» ретінде қарастыру қате. Қазақ қоғамында тәңіршілдіктің қайта жандануын тек діни-философиялық құбылыс деп қабылдауға болмайды. Тәңіршілдікті жандандыру идеялары көбінесе сыртқы күштердің қазақ халқының діни бірлігін әлсіретуге бағытталған әрекеті ретінде қолданылған. Сондықтан қазақ халқының рухани бірегейлігін сақтау үшін Ислам дінінің тарихи, мәдени және рухани маңызын түсіндіру қажет.
Қуаныш ЖҰМАБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысының бас имамы
«Мұнара» газеті, №24, 2024 жыл
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Мәшімбаев С., Мәшімбаева Г. «Патшалық Ресейдің және Кеңес империяларының Қазақстандағы рухани отарлау саясатының зардаптары». Алматы: 2013.
- Гумилев, Л.Н. «Көне түріктер». Алматы: 1994.
- Ә.Марғұлан. «Ежелгі әдебиет куәлары». Алматы: 1966.
- Ғ.Есім. «Ұлттық идея-ел санасы». Егемен Қазақстан, 24 қараша 2009.
- Бартольд В.В. «Туркестан в эпоху монгольского нашествия», Санкт-Петербург, 1898.
- Бартольд, В.В. «Тюрки-Двенадцать лекций». Алматы: Жалын, 1998.