Египеттегі археологтар Луксор провинциясындағы Дейр-эль-Бахри аймағында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде Хатшепсут ғибадатханасының іргетасының бір бөлігін және Орта Патшалық дәуіріне жататын бірнеше қабірлерді тапты. Бұл туралы египеттанушы Захи Хавасс мәлімдеді. «Миссия ғибадатхана іргетасының бір бөлігін ашты, бұл құрылым мәйітхана ғибадатханасының негізгі кіреберіс қақпасы болған және алқапқа жақын жерде орналасқан», – деді Хавасс баспасөз мәслихатында. Сонымен қатар, археолог осы зерттеулер мен қазба жұмыстарын 2022 жылдың қыркүйегінен бастап жүргізіп келе жатқанын атап өтті.
Ғалымның айтуынша, археологтар Орта Патшалық дәуіріне (б.з.д. 2050-1710 жж.) жататын көптеген тасқа қашалған жазбалар мен қабірлерді тапты. «Бұл қабірлерден маңызды артефактілер, соның ішінде құрбандық шалуға арналған керамикалық үстелдер табылды», – деп қосты ол.
Археологиялық миссияның басқа да маңызды табыстарына XVII әулетіне жататын жартастағы қорымдар, садақ атуға арналған құралдар, Тетишери патшайымының сарай күзетшісі Джехути-Меса қабірі және Эль-Ассасиф некрополінің бір бөлігі кіреді. Сонымен қатар археологтар Птолемей I кезеңіне жататын, Александр Македонскийдің бейнесі бар қола монеталарды тапты.
Хатшепсут – Ежелгі Египет тарихындағы әйел перғауындардың бірі. Б.з.д. XV ғасырда, Дейр-эль-Бахри жартасының іргесінде, Патшалар алқабының басталуында, оның билігі кезінде жерлеу ғибадатханасы салынған болатын. Патшайым қайтыс болғаннан кейін, оның өгей ұлы Тутмос III мүсіндердің бір бөлігін жоюға бұйрық берген.
asyldin.kz