Жамбыл облысы Байзақ аудандық «Байзақ баба» мешітінің сауат ашу курсында Нұрсұлтан Зулпыкаров ұстаздан тәлім алып, оқып жатқан және әліппені бітіріп, Құранға түстен 4 шәкіртке Алланың кітабы Құран табысталды.
Айтулы шараға аудан бас имамы Қанат Әділханұлы қатысып: «Құран Кәрім – Алла Тағаланың сөзі. Құран – құндылығы еш ескірмейтін кітап. Құран – бүкіл заман үшін, бүкіл адам баласы үшін жарамды қағидаттар мен құндылықтарға толы қасиетті кітап.
Құранды оқыған және оған амал қылған адамның қол жеткізер дүниесі өте үлкен. Алла Тағала Құран Кәрімде «Алланың кітабын шынайы түрде (яғни амал ете отырып) оқитын, намазды толық орындайтын және өздеріне берген рызық-несібемізден ізгілік жолында жасырын-жария жұмсайтындар ешқашан зиянға ұшырамайтын сауданы үміт ете алады. Өйткені, Алла оларға тиісті сауабын толық береді. Сондай-ақ, Өзінің шексіз шарапатымен олардың сыйын одан сайын арттыра түседі. Алла өте кешірімді және шүкіршіл (яғни әрбір ізгі ниет пен амалдың қарымын еселеп, артығымен беруші)», – дейді («Фатыр» сүресі, 29 аят). Яғни Құранды оқыған және оған амал қылған адамның еңбегі еш кетпейді. Алла Тағала оның бұл амалына еселеген сауап жазатынын уәде етіп тұр», - деп «Құран оқудың сауабы» тақырыбында насихат айтты.