Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты I аймақ мешіттері имам-молдаларының жетекшісі Рахымбек Кенжебайұлы Қостөбе ауылдық «Қостөбе» мешітінің жамағатымен кездесіп, «Жат ағым жарға жығады» тақырыбында насихат айтты.
Рахымбек Кенжебайұлы сөзінде: «Біз – «Әһлу сүннет уәл-жамағат» жолын, Матуриди ақидасын, имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабын ұстанып келе жатқан халықпыз. «Әһлу сүннет уәл-жамағат» деп ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті мен мұсылман жамағатымен бірге жүретін мұсылман үмбеті деген мағынаны білдіреді. Алла елшісі хадис-шәріпте: «Шын мәнінде, менің үмбетім адасушылықта бас қоспайды. Егер қарама-қайшылық көрсеңдер міндетті түрде қара топпен (яғни көпшілікпен) бірге болыңдар», – деген.
Әһлу сүннетте екі ақида мектебі бар: Матуриди және Әшғари. Ал фиқһта 4 мектеп бар: Ханафи, Мәлики, Шафиғи және Ханбали. Жер бетіндегі барша мұсылманның басым көпшілігін 4 мәзһабтан тұратын сүнниттер құрайды», - деді.