Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы және IV аймаққа қарасты мешіт имамдары Кеңес ауылында мектеп ішінен ашылған мұражай жұмысымен танысты.
Мұражайдың негізін қалағандардың қатарында ауылдық мектеп мұғалімі, тарих саласын жақсы меңгерген Алтай Жазылбеков та бар.
Алтай Жазылбеков сөзінде: «Қазақстанның қай жерінде 1 монета болсын, ескілікті зат болсын шыға қалса, өз жалақымнан қаржы жұмсап міндетті түрде соны сатып алуды әдетке айналдырғанмын. Бір мемлекет күйреп, жаңа мемлекет құрылғанда ол елдің ақша бірлігі, соның ішінде монеталары жаңарып отырады. Қазақ жерінде де қанша өзгерістер болып, қанша валюта ауысып үлгерді. Әр монета өз заманының тарихынан сыр шертеді. Қазақ тарихын кей жағдайда біз дәлелдей алмай жатамыз ғой. Ал қазақ тарихын осы теңгемен қатар зерттейтін болсақ, қазақ тарихын 3 мың жылға жуық жазып шығуға болады», - деді.
Алтай Жазылбеков нумизматикамен әуестенеді. Жиған жәдігердің тең жартысы монеталар. Жинақталған ақшалардың арғысы VI ғасырға тән болса, бергісі тәуелсіздік алған жылдардағы алғашқы төл теңгелер. Топтамалардың ішінен шетел валюталарын да кездестіруге болады. Мұғалім коллекциясында банкноттың 500-ге жуық түрі бар.
Мұнымен қатар бұл мұражайда ауыл тұрғындарының да үйлерінен әкелінген көне жәдігерлер жетерлік.