Меркі ауданының тумасы, атақты зергер Берік Әлібайдың 60 жас мерейтойына орай «Зергер» атты алғашқы кітабының тұсауы кесілді.⠀
Салтанатты шара көне дәстүрді қайта жаңғыртқан Берік Әлібайдың зергерлік өнерімен танысу мақсатында өтті. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Азатұлы, облыс әкімдігінің жанындағы билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, ауданның бас имамы Азамат Берікұлы, аудан ардагерлері және жас буын студенттер қатысты. Келген қонақтар аудандық орталықтырған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен жасалынған «Ұрпаққа мұра» атты көрмесімен танысты.
Зергерлік өнері жайлы жарыққа шыққан кітапта қолөнер шеберінің өмір бойында жасаған туындылары бейнеленген, жасау жолдары мен мағыналар көрсетілген. Сонымен қатар қазақ халқының байлығы мен өнерін зергерлік бұйымдары арқылы жеткізіп, туындысында ұрпақ сабақтастығының жарқын мысалын көрсеткен.
Айта кетерлік жайт, Берік Әлібай «Мұсылман әлемінің құрметті зергері», халықаралық және республикалық конкурстардың жүлдегері атанған. 2019 жылдан бері жеке «Зергер Берік» музей үйін ашып, кәсіпкерлікпен айналысуда. 27-29 қыркүйек Тараз қаласында өткен «Тараз – қолөнершілер қаласы» III Халықаралық көрмесінде бас жүлденіп жеңіп алап, қуанышын жерлестерімен бөлісті.
Қолөнерші ауданымыздағы 25 кітапханаға «Зергер» кітабын сыйға тартты. Жиын сонында ақын Шырын Мамасерікқызы мен зергердің ұстазы Қайнаркүл Тәттіқұлова және келген қонақтар қолөнершіге ізгі тілектерін білдіріп, атаулы мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, ауданымыздың кәсіпкері Али Жұматаев 60 жас мерейтойына арнап зергерге ат мінгізіп, шапан жапты.