Бүгін, қасиетті жұма күні ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы Тараз қаласындағы «һибатулла Тарази» мешітінде жұма намазын өткізіп, қасиетті Құраннан кейін екінші шариғат негізі – Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері жөнінде жұма уағызын айтты.
«Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәнді де мағыналы, рухани тәрбиелік хадистері өте көп. Хадистер ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бен сахабалар дәуірінде қағаз бетіне түсіріліп, кейбір хадис жазбалары жарық көрсе де, жүйелі түрде сахабалар дәуірінен кейін жинақтала бастады. Оларды жинақтау, тізбегін зерттеу, дұрыс, әлсіз, жалған хадис екенін анықтау үшін өмірін арнаған қаншама ғұлама-ғалымдарымыз болған. Діні мен дәстүрін құрметтеген қазақ халқының жадына көптеген хадистер мақал-мәтел, даналық сөз ретінде еніп кеткен», – деп Пайғамбарымыздан жеткен хадистің әрқайсысынан алынатын көптеген ғибраттар мен пайдалар бар екендігін жеткізді.
Сонымен қатар, барша жамағатты 20-21 қыркүйек күні Тараз қаласында өтіп жатқан халықаралық «HALAL EXPO 2024» көрмесіне шақырды.