Халал индустриясы бұл – әлемдегі 3 млрдтан астам мұсылманға ғана емес, күллі адамзатқа сапалы өнім ұсынатын қарқынды даму үстіндегі сала. Қазіргі таңда қаржы, туризм, логистика, фармацевтика, азық-түлік секілді түрлі салаларды қамтиды. Қарқынды экономикалық даму, жан басына шаққандағы табыстың артуы – әртараптандырылған халалға сұраныстың ұлғаюына ықпал етті. Соңғы жиырма жыл ішінде «халал нарығы» өте жас күйден қарқынды даму үстіндегі динамикалық құбылысқа айналды. Халал тағам – тек мұсылмандар үшін ғана емес, күллі әлем жұртшылығы үшін маңызды. Себебі, «халал» сөзін шариғат термині деп қана емес, «сапалы», «таза», «балғын», «зиянсыз» өнім деп түсінеміз.
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 2/168) деген. Осы аятқа амал еткендін жанашырлары, еліміздегі күллі мұсылмандардың қарашаңырағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2014 жылы «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау ұйымын құрды. Мақсаты – еліміздегі халал индустриясын дамыту, сапалы халал өнімдер санын арттырып, халыққа қол жетімді қылу. Отандық нарықты халал өнімдермен қамтамассыз етіп, әлемдік халал саласында бәсекеге қабілетті кәсіпорындар санын ұлғайту. Осындай айқын мақсатпен өз жұмысын бастаған «Халал Даму» қазіргі таңда 1700-ден аса кәсіпорынды сертификаттады. Және де білікті мамандардың қатысуымен әлемдік халал стандарттау және сертификаттау тәжірибелеріне негізделген 6 стандарт құрастырылып бекітілді. Бүгінгі күнде осы стандарттар бойынша еліміздегі түрлі кәсіпорындарды сертификаттауда. Сонымен қатар, отандық халал нарығын дамытып, халықаралық сауда нарығына бәсеге қабілетті болу мақсатында Малайзияның исламды дамыту департаменті (JAKIM) ұйымынан аккредиттеуден өтті. Қазіргі таңда сауда және интеграция министрлігіне қарасты Ұлттық аккредиттеу орталығынан (НЦА) аккредиттеуден өту шаралары жүргізілуде. Және де көптің көзайымына айналған «HALAL EXPO» халықаралық көрмесін дәртүрлі түрде еліміздің әр аумағында ұйымдастырып келеді. Өткен жылдары халықаралық көрме елордасы Астана, алмалы қала Алматы, шырайлы Шымкентте өткізілген болатын. Бүгінгі күні ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен тарих саңылақтарының мекені Тараз қаласында өткізу нәсіп болды.
HALAL EXPO халықаралық көрмесінің құндылығы мен маңызы кәсіпкерлердің дамуы мен табысты болуына мүмкіндік беріп, отандық халал индустриясының даму қарқынын көрсетуде. Бұл көрме белді кәсіпорындар мен беделді кәсіпкерлерді, қоғам қайраткерлері мен дін мамандарын, өндірушілер мен тұтынушыларды бір шаңырақ астында біріктіретін мәдени мерекенің шамшырағы іспеттес. Түрлі ұлт пен ұлыстардың басын қосып, өндірушілер мен тұтынушылардың арасын жалғап, пікір мен тәжірибе алмасудағы таптырмас құрал. Және де кәсіпорындарға өз өнімдері мен қызметтерін ұсынуға, тұтынушыларға түрлі халал өніммен танысуға, өндірушілерге өзара әріптестік келісім орнатуға, халал жөнінде жаңа мағлұмат алуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда «халал» ұғымы тек азық-түлікпен шектелмейді. Ол азық-түлік өнімдері, сондай-ақ косметика, фармацевтикалық өнімдер, сауда немесе қызмет көрсету салаларын да қамту арқылы әлемдік экономиканың жылдам қарқынмен дамушы әлеуетті саласына айналды. Сондықтан көрмеде:
Ет өнімдері;
Құс өнімдері;
Сүт өнімдері;
Балық өнімдері;
Жартылай дайын өнімдер;
Кондитерлік өнімдер;
Бал өнімдер;
Косметикалар;
Май өнімдері;
Шұжықтар;
БАД;
Тағам қоспалары;
Гигиеналық жуғыш заттар
Фаст-фудтар;
Балмұздақтар;
Сусындар және т.б. өнімдер ұсынылады.
Халал индустриясын дамыту, халықаралық байланысты нығайту, түрлі өнімдерді танытуда көпшіліктің көңілінен шығып, халықтың оң бағасын алған халықарылық көрме келер жылы да жалғасын табатын болады.
Ізгіліктің жаршысы, жақсылықтың насихатшысы, адалдықтың белгісі болған халал көрмесіне келген әрбір жанға Алла сауаптан жазып, екі дүние жақсылығын нәсіп еткей!
Бейбіт Әліпбекұлы
Жамбыл облысының бас имамы