Атақты орыс қолбасшысы Александр Невскийдің алтын әріптермен Құран аяттары жазылған дулығасының тарихшылар арасындағы дау-дамайдың бастауына айналғанына біршама уақыт болды.
Әйгілі қолбасшының дулығасы, тіпті, Ресей империясының елтаңбасында да бейнеленген. Жау оғы жаралай алмайтындай берік құйылған бұл дулығаны Невскийден кейін орыс патшасы Михайл Романов киген. Араб каллиграфиясымен өрнектелген бұндай бас киімдер атақты Иван Грозный мен князь Федор Мстиславскийде де болған.
Осы бір қызықты деректерді сараптаған орыс тарихшылары ұзақ уақыт бойы дулығаны орыс шеберлері құйған, ал араб тіліндегі аяттарды көрнекілік үшін пайдаланған деп келген болатын. Дегенмен, олардың бұл жорамалдары нақты айтылған сынға жауап бере алмай келген еді. Ал, жақында орыс баспасөз беттерінде бұл дулығаның орыс қолбасшысына Алтын Орда билеушілерінің тарапынан сыйлыққа берілгені туралы тарихи дерек жарияланды.
Бұл жайында зерттеуші Саят Рахымберді былай дейді: «Бұл жайында зерттеуші Саят Рахымберді былай дейді: «Араб жазуымен өрнектелген дулығалардың барлығы да Алтын Орда астанасы Сарай-Батуда жасалған. Алтын Орда әміршісі Бату ханның өзі де, оның әкесі мен атасы да қолөнер шеберлерін жоғары бағалаған. Сол кездегі Сарай-Бату шаһары түгелдей шеберлердің қаласы болған десек те қателеспейміз. Қала тұрғындарының басым көпшілігін қару-жарақ соғушылар, темірден түйін түйген қолөнер шеберлері құраған.
Александр Невский дулығасына келер болсақ, оның Алтын Орда билеушілерімен жақсы қарым-қатынаста болғаны белгілі. Бату ханның ұрпағы Сартақтың Невскиймен тамырлас болып, бір-біріне тарту жасаған. Алайда, Сартақ бар болғаны бір-ақ ел билеген. Одан кейін хан тағына ислам дінін қабылдаған Берке хан отырған болатын».