Тұрар Рысқұлов аудандық «Сұлтан» орталық мешітінің бас имамы Қуаныш Досымжанұлы Абай ауылдық «Қалқабай ата» мешітінде жұма уағызын айтып, жұма намазын өткізді.
Жұма күнгі уағыз «Білім алу – құлшылық» тақырыбында өрбіді. Жаңа оқу жылының басталуына байланысты ілім-білімге қызықтыру және ынталандыру мақсатында білім алудың артықшылығы айтылды.
Шариғат ілімі адамды сауапты іс жасауға итермелейді, күнәдан алыстады. Осы арқылы қоғам түзеледі. Дінді меңгерген адам айналасындағыларға құрметпен қарап, олардың көңіліне қаяу түсірмеуге тырысады. Әрдайым жақсылық жасауға жақын тұрады. Шариғат білімі адамды өмір бойы мазалайтын маңызды сұрақтарға нақты жауап алуға мүмкіндік береді. Мысалы, бүгінде көп адам Алланың бар екенін және бір екенін білсе де, өмірдің мәні неде екенін, өзінің не үшін жаратылғанын, Құдайға деген құлшылықтың не үшін жасалынатынын біле бермейді. Ал, «Зәрият» сүресінің 56-аятында «Мен жындар мен адамзатты тек өзіме ғибадат жасау үшін жараттым» делінген. Яғни, шариғи білім сіздің өміріңіздің шамшырағы.