Жамбыл облысы Байзақ ауданы Мәдімар ауылдық «Мәдімар» мешітінің имамы Рахметов Жақсылықтың ұйымдастыруымен сауат ашу курсында оқып жатқан шәкірттер арасында білім сайысы болып, сауат ашу курсы аяқталды.
Білім сайысына аймақ жетекшісі, Кеңес ауылының имамы Әли Олжабайұлы, Аққия ауылының имамы Ахмет Жетпісбайұлы және Жетібай ауылының Қадірбек Әбенұлы қатысып тәлім алушы шәкірттердің оқып үйренген білімдерін бағалады.
Сайыс барысында Әли Олжабайұлы шәкірттерге: «Алла Тағала қасиетті Құранда: «(Уа, мүміндер!) Араларыңда (ел-жұртты) ізгілікке шақырып, жақсылықты бұйыратын һәм жамандықтан тыятын бір қауым болсын. Міне, солар (екі дүниеде де) азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткендер» («Әли-Имран» сүресі, 104-аят) деп баяндайды. Осы аятқа қатысты тәпсір жазған ғалымдарымыздың айтуынша, жақсылықты жақтап, жамандыққа қарсы тұру – ауыр іс болса да қадірлі, жауапкершілігі мол парыз амал. Өйткені өзі дәріптеп отырған абзал қасиеттер әуелі айтушының өз бойында табылуы тиіс. Яғни сол ізгі амалдарды өзі жасауы керек. Осы мәселенің астарында жатқан терең мағынаны Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде баяндайды. Жұртты жақсылыққа шақырып жүрген бір пендені тозақтан көргендер таңғала сұрайды: «Уа, пәленше! Саған не болған, фәни дүниеде елді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыймаушы ма едің?!». Сонда әлгі пақыр пенде: «Мен сендерді жақсылыққа шақырдым, бірақ оны өзім жасамадым, сендерді жамандықтан тыйдым, бірақ сол озбырлықтан өзімді тыя алмадым» деп жауап берген екен», - деді.
Сайыс қортындысы бойынша үздіктерге 3 велосипед әрі қатысушыларға 2000 теңгеден берілді. Жалпы саны 40 бала қатысқан білім сайсында жүлде қоры 200 000 теңгені құрады.