Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы өкілдігінің ұйымдастырумен «һибатулла Тарази» мешітінде «Мектепке жол – 2024» қайырымдылық шарасы өткізілді. Игі шараға облыстың бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы мен мешіт имамдары қатысты.
Қала мешіттері мен қайырымды, қолы ашық, жомарт демеушілердің көмегімен, «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйытқы болуымен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен көп балалалы жанұядан шыққан 450 оқушыға мектеп сөмкелері мен қажетті құрал-жабдықтар үлестірілді.
«Бұл акция еліміз бойынша 1 тамыздан бастап қарқынды жүргізілуде. Облыс бойынша аудан-ауыл, қалалық мешіттер де бұл акциядан тыс қалған емес. Әр өңірдегі мешіттерде оқушыларға арналған мектеп формасы, сөмкелер, оқу құралдары, киім-кешектер және ақшалай да көмек берілуде», – деген бас имам игі шараның маңызына тоқталып, оның дінімізде сауапты, қоғамға пайдалы амал екендігін айтты.