Намаз - екі дүние рахаты

Намаз - екі дүние рахаты

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

            Бүгінгі мақаламызда күнделікті оқылатын бес уақыт намаздың кейбір пайдалары мен қыр-сырлары жөнінде баяндап өткенді жөн санадық.

            Намаз - Ислам дінінің бес парызының біріне жатады. Намаз мүміннің екі өмірде де табысқа жетуіне себепкер болатын ізгі амалдар қатарына жатады. Намаз – Алла пен пенде арасындағы байланыс негізі. Намаз жайында, намаздың парызы мен пайдасы жайында Құранның көптеген жерлерінде келтірілген. Солардың ішінде Алла Тағала: "Саған уахи етілген кітапты оқып, намазды орында. Күдіксіз, намаз арсыздық пен жамандықтан тияды",- деп баяндайды. (Ғанкабут сүресі, 45).

     Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Сендердің араларыңнан бір адамның есігінің алдында өзен ағып, ол сол өзенге күніне бес рет шомылса, ол адамда кір қала ма?" - деп сұрағанда, сахабалар: "Жоқ қалмайды", - деп жауап қайырады. Сонда Алла Елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Судың кірді тазалайтынындай бес уақыт намаз да күнәларды тазалайды" - деп намаз арқылы Алла Тағала пенделердің күнәларын жоятынын жеткізген. Қазіргі таңда медицина саласы намаздың адам баласына пайдалы тұстарының көп екендігін айтып, растауда. Солардың кейбіріне тоқталып өтелік: Намаз адамды варикоз кеселінен аулақ етеді. Адам намазға қатысты қимыл-әрекеттерге бару арқылы аяқ-қолдарындағы тамырлардың жұмыс істеуі себепті варикоз ауруынан аман болады. Намаз денедегі қан айналымды да дұрыстайды. Неге десеңіз, дененің барлық ағзаларына қан бір уақытта таралады.

Денсаулықты күту үшін режим сақтауды баршамыз жақсы білеміз. Намаз оқуға дағдыланған адам да күнделікті намаз режимін ұстанады. Намаздағы рүкіғ пен сәжде қарын, балтыр және сан еттерінің қуатты болуына өз әсерін тигізеді. Намазда орындалатын амалдар асықпастан жеңіл болғаны себепті жүрекке салмақ түспейді. Бір күнде басын сексен рет жерге қойған адамның миына қан өз деңгейінде ағып келеді. Сол үшін де намаз оқитын адамдар ұмытшақтықтан (склероз) аулақ болады. Намаздағы изометрик қимылдар асқазандағы азықтың жақсы қорытылуына жәрдем береді. Тәулігіне кемінде бес уақыт орындалатын ритмдік дене қимылдары әсерінен денедегі омыртқалар дұрыс қимылдап, сары су жиналу, тұз жиналу сынды қауіптерден аулақ болады. Жалпы айтқанда, артроз (артрит), остеохондроздан аулақ етеді. Намаз ішектердің дұрыс жұмыс жасауына өз пайдасын тигізіп, іштің қатуы сынды жаман нәрселердің алдын алады. Рүкіғ пен сәжде миға қан келіп, оның және артқа қайтуына, қан қысымының азаюына, барлық ағзаларда қан бірқалыпты айналуына пайдасы мол. Организмнің саламатты болуына тән тазалығының сақтаулы өте маңызды. Намаз оқушы адам ғұсыл-дәреті арқылы осы бір мәселенің шешімін табады.

Төмендегі мына бір мәліметтерге зер салып көрелік!

         "Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қандай да бір жағдайда көңілсіздік күйге түсетін болса, дереу намаз оқуға кірісетін еді" делінеді. Хадистен түсінгеніміздей, намаз жүрекке тыныштық орнатады. Ақырет күні баршамыздан ең алғашқы болып сұралатын сұрау да намаз екен.

          Құрметті оқырман! Сол үшін де намаз оқу арқылы Жаратқанның құзырынан шипа табайық! Мақаламызды арнайы намаз тақырыбына арнауымыздың басты себебі де сол. Байқағандарыңыздай, Алланың біздерге берген әрбір парыз амалдары, (дәрет, намаз, ораза т.б.) тек өзіміздің игілігімізге, пайдамызға қарай берілген екен.

           Хасан Басри айтады: "Егер саған намазың арзымас нәрсеге айналған болса, онда сен үшін одан артық не қадірлі бола алады?! Намазың қаншалықты құнды, дұрыс болатын болса, өмірің де солай дұрыс болады. Білгін! Намаз біздерді Алланың азабынан құтқарушы амал." "Еріншектің ертеңі бітпес" дегендей, күнде ертең бастаймын деуіміз арқылы қаншама күндеріміз артта қалуда. Кешегі күнгі оқыған намазыңыз, бүгінгі күніңізбен оқыған намаздан жақсырақ! Намазымды кешіктірдім деген сөз, тіршіліктегі барлық жұмысымызды кешіктірдім деген сөз.

Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Намаз – көзімнің қарашығы" (Ахмед, Насаи, Байһақи) деген екен. Бұқар жыраудың "Бесінші тілек тілеңіз, Бес уақытта бес намаз, Біреуі қаза қалмасқа" деген жыр жолдарынан ата-бабамыздың намазына қаншалықты берік болғанын байқаймыз. Күнәларым төгілсін десеңіз, намазыңызға тиянақты болыңыз! Алланың мейірімі кең!

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: