Савда бинт Зам’а (р.а.)Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) екінші әйелі болған... Хадиша қайтыс болғаннан кейін бірінші әйелі... Савда өз дінін сақтау үшін Эфиопияға қоныс аударған мұсылмандардың қатарынан еді... мухаджирлердің бірінің егде жастағы жесірі, өте мейірімді, ақ көңіл, құдайдан қорқатын әйелге Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) әйелі болу бақыты бұйырған... Күллі мүміндердің анасы...
Аса құрметті Савданың бірінші күйеуі оның көкесінің ұлы Сакран ибн Амир болған. Бұл Исламның алғашқы жылдарында болған еді. Олар күйеуі екеуі Исламды қабылдап, Меккедегі ақиқат жолына түскен аз ғана отбасылардың бірі болған. Алайда көп кешікпей, Аллаға сеніп, Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) артынан ергендерді қуғындау басталады. Олардың барлық туысқандары мен таныстарының көп құдайшыл болуы осы отбасының жағдайын қиындата түседі. Қуғындау мен жәбірлеу адам төзгісіз болып кеткен кезде мұсылмандарға Эфиопияға көшуге рұқсат етіледі.
Савда (р.а.) күйеуі Сакран (р.а.) екеуі өзара ақылдаса келе Эфиопияға көшетін екінші топпен бірге кетуге шешім қабылдайды. Исламды еркін ұстану үшін, олар Алла жолында үйлерін, барлық мал-мүлкін, туған-туыстарын қалдырып көшіп кетеді. Алайда шамалы уақыт өткеннен кейін Савданың күйеуі Сакран ибн Амир науқастанады да, олар Меккеге қайта оралады. Көп кешікпей ол қайтыс болады. Ал Савда болса бес баламен жесір қалады. Басынан өткізген барлық қиыншылықтар мен сынақтарға қарамастан, Савда Аллаға деген шынайы сезімін сақтап қалады да Мұхаммед (с.ғ.с.) үмметінің арасынан өзіне лайықты орнын алады.
Хадиша қайтыс болғаннан кейін Алланың Елшісі (с.ғ.с.) оны жиі есіне алады. Ол өз балаларының аналары жоқ кезде бір нәрседен жұда қалғанын қаламайды және олардың жалғыздықты сезінбеуі үшін барлығын жасауға тырысады. Енді тұрмыстың барлық ауыртпалықтары тек бір өзінің иығына түседі. Оған қарап тұрып, оның сүйікті әйелінің қайтыс болуы оны іштен жегідей жейтінін түсінуге болушы еді. Сахабалар қолдарынан келгендерінше оны жұбатуға тырысады. Олар Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) оның жүрегіндегі бос орынды толтыратын және үй шаруасын қолына алатын өзіне серік тапқанын қалайды. Дегенмен олардың ешқайсының бұл әңгімені бастауға батылдары бармайды.
Бірде ‘Усман ибн Маз’унның (р.а.) әйелі Хавля (р.а.) Пайғамбардың үйіне келеді де былай дейді:
- О, Алланың Елшісі! Үйге кірген кезде мен Хадишаның жоқтығын бұрынғыдан қатты сезіндім.
Бұған Елші (с.ғ.с.) былай деп жауап береді:
- Иә! Ол балалардың анасы және үйдің иесі еді.
Оның шынайы айтқан сөздерін естіген кезде, Хавля (р.а.) ұсыныс айтуды жөн көріп, былай дейді:
- О, Алланың Елшісі! Онда саған неге үйленбеске?
- Хадишадан кейін бе... Кімге? – деп сұрайды.
- Қаласаң қызға, қаласаң жесірге, деп Хавля жауап береді.
- Олар кім екен?
- Алланың алғашқы құлдарының бірі Әбу Бакрдің қызы Айша. Тағы саған сенген және артыңнан ерген мухаджирдің жесірі – Савда бинт Зам’а.
Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) бұл жауап ұнайды да былай дейді:
- Бар да олармен мен туралы сөйлескін.
Хавля бұған қатты қуанып қалады. Ол өзіне тапсырылған ардақты тапсырманы орындау үшін Зам’а ибн Кайс ибн Абдишамстың үйіне бірден бет алады. Қуаныштан жүзі бал-бұл жайнаған Хавля Савдаға келіп былай дейді:
- Савда! Алла тағала саған қалай мейірімін түсіргенін білесің бе?
- Жоқ, сен не айтпақсың? – деп Савда таң қалады.
- Алланың Елшісі мені саған жеңгетай ретінде жіберді.
Бұл жаңалық Савданы (р.а.) қатты қуантады. Ол көптен бері өзінің басынан бір оқиға өтетінін сезіп жүрген еді. Ол тіпті күйеуі Сакранның (р.а.) көзі тірісінің өзінде-ақ бірнеше рет ғажап түс көріп жүретін. Аспаннан ай түсіп, оның басының үстінде айналып жүріп алатын. Ол өз түсін күйеуіне айтқан кезде, күйеуі: «Егер сен түсіңде расымен осылай болғанын көрсең, онда мен таяу арада қайтыс боламын да, сен Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) күйеуге шығатын боласың», - дейді. Савда (р.а.) өзінің көрген түсін есіне алады. Өйткені осындай сый-құрмет кез-келгенге беріле бермейді ғой. Ол Хавлядан осы ұсыныс туралы әкесіне айтуын өтінеді. Хавля Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) ұсынысы туралы Зам’а ибн Кайсқа жеткізеді.
Савданың (р.а.) әкесі әлі мұсылмандықты қабылдай қоймаған еді. Алайда бұған қарамастан, оның қызын Алланың Елшісінің өзіне күйеуге беру туралы ұсынысы ол үшін тиімді болатын, өйткені ол жасы жетіп қалған шақта болатын. Ол өзі қайтыс болатын болса, қызы ауыр жағдайда қалатынынан қорқатын, әрі десе бұл ұсыныс ол үшін құрмет болатын, сондықтан да ол бұл ұсынысты ойланбастан қабылдайды. Ол Алланың Елшісі (с.ғ.с.) туралы былай дейді: «Шындығында, ол аса құрметті адам». Савданың (р.а.) бақыттан жүрегі ұшып кете жаздайды. Бірақ оған Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) лайықты әйел бола аламын ба деген ой маза бермейді. Сондықтан да ол Хавляға бірден жауап бере алмайды. Ол Алланың Елшісін (с.ғ.с.) артық әлекке салғысы келмейді.
Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Савданың (р.а.) жауабын естігісі келген кезінде оның үйіне келеді. Олар кездесіп сөйлеседі. Өзінің кішкентай балалары үшін үнемі көңілі алаңдап, мазасы кететін тақуа әрі сүйе білетін әйелді көрген кезде ол былай дейді:
«Алланың саған мейірімі түссін! Өйткені кішкентай балаларға байланысты қиындықтар мен әбігершілікті шыдамдылықпен көтеретін әйелдер – олар ең жақсы әйелдер. Өзің біздің некемізді бекіте алатын туыстарыңның бірін тағайында».
Неткен діншілдік!.. Неткен әдептілік!.. Неткен сүйіспеншілік!.. Неткен құрмет!.. Неткен ғашық адамдардың бір-біріне деген жүректі толқытатын қарым-қатынасы!.. Неткен биязылық!.. Неткен бір-бірінің құқығын сақтау бойынша үлгі боларлық мысал!.. Өз күйеуіне тыныштық пен жайлылықты қалай жасау керектігін ойланатын әйел, әйеліне сүйіспеншілікпен, мейіріммен және жанашырлықпен қарайтын еркек... Тек осылайша ғана отбасы құрылады... Тыныш әрі бақытты өмірдің кепілі міне тек осында жатыр.
Аса құрметті Савда (р.а.) бұл іс үшін өзінің жиені Хатиб ибн Амрді тағайындайды. Ол Савданы (р.а.) махрін төрт жүз дирхам деп келісіп Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) тұрмысқа береді. Бұл неке пайғамбарлық қызмет басталғанына он жыл болған кезде Рамазан айында, хиджраға үш жыл қалған кезде жасалады. Бұл кезде Савданың (р.а.) жасы елуден асып кеткен еді.
Сол кезде әлі мұсылмандықты қабылдай қоймаған Савданың туған ағасы Абд ибн Зам’а бұл некеге қарсы шыққан еді. Қарындасының осы некелесуі туралы белгілі болған кезде ол қажылық сапарында жүрген болатын, ол сол кездегі дәстүрге сай бұл некемен келіспейтінін өзінің басындағы шашын жұлу арқылы білдірген. Алайда ол артынан Ислам дінін қабылдаған кезде өзінің осы жасаған қылығы үшін өкінеді. Ол үнемі сол өткен іс есіне түскен сайын қымсынатын болған. Бұл туралы ол талай рет былай деген:
«Савда бинт Зам’а мен Алланың Елшісі (с.ғ.с.) үйленетінін естіген кезде мен басымнан шашымды жұлып, үстіме топырақ шашқан едім, бұдан да күлкілі нәрсе болған-болмағаны есімде жоқ».
Мүміндердің анасы Савда (р.а.) өз дініне шексіз берілген болатын. Ол Аллаға және Оның Елшісіне (с.ғ.с.) ғана сенетін тақуа мұсылман еді. Басқа мұсылмандар сияқты ол да осы жолда көптеген қиындықтарды басынан өткізеді. Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) оның дәл осы иманмен өмір сүргендігі, Ақиқат жолында адал болуы және оны сақтау үшін бар күш-жігерін салуы қатты әсер етеді.
Оның сөздері жағымды, жүзі раушан гүліндей әдемі болатын, ал өзі болса діндар әйелдің үлгісі болған. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) оның Эфиопияға көшкеннен кейін және күйеуі қайтыс болып, жас балалармен жесір қалғаннан кейін де басынан қандай қиындықтарды өткергенін білетін еді. Ол Савдаға (р.а.) көмектесуді өзінің парызы санайды. Өйткені ол балаларымен бірге қорғау мен ықыласқа мұқтаж еді. Міне сондықтан да ол оған үйленуге ұсыныс жасайды. Савда (р.а.) болса мұны игілік деп қабылдап, келісімін береді. Оған Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) әйелі болу зор бақыт еді. Мүміндердің анасы Савда (р.а.) үшін бұдан артық бақыт, бұдан артық марапат жоқ еді. Осы некелесуден кейін оның барлық қиындықтары, бақытсыздықтары мен тауқыметтері аяқталады. Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) барлық некесі Алла Тағаланың әмірімен жасалған. Ол Савдаға (р.а.) Айшамен(р.а.) уәделескеннен кейін үйленеді. Ол кезде Айша (р.а.) әлі тұрмыс құратын жасқа жете қоймаған жас болатын, сондықтан олар тек уәделесіп қана қойған. Міне осы себептен барып Савда (р.а.) оның Хадишадан (р.а.) кейінгі екінші әйелі болды. Хадис-шәріпте былай деген:
«Менің үйленуім және менің қыздарымның тұрмысқа шығуына байланысты нәрселердің барлығы көкте шешілетін, олар туралы хабарларды маған Жәбірәил жеткізетін».
Савдаға (р.а.) үйленгеннен кейін біраз уақыт өткеннен кейін Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) Алланың әмірімен Мәдинаға көшуге рұқсат етіледі. Савда (р.а.) Меккеде қалады. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаға орналасқаннан кейін Меккеге Зайд ибн Харис пен Абу Рафи’аны Савда (р.а.) мен өзінің қыздары Умм Кульсум (р.а.) мен Фатиманы (р.а.) алып келуге жібереді.
Олармен бірге аса құрметті Әбу Бакр (р.а.) де өз ұлы Абдулла ибн Әбу Бакрге Абдулла ибн Урайкитті хат және үш түйе жібереді, ол хатқа өз отбасының аса құрметті Айшамен бірге Мәдинаға келу қажеттігін жазған еді. Осы керуенмен Зайд (р.а.) өз әйелі Умм Айманды да алып келеді. Олардың барлығы Мәдинаға аман-есен тез-ақ келіп жетеді.
Савда бинт Зам’а (р.а.) үшін Пайғамбардың мешітінде - Масджидун-Набиде – жеке бөлме салынғаны белгілі. Ол сол жерге орналасады. Оның осыдан кейінгі өмірінің барлығы Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) және балаларына қызмет етуге арналады.
Ол Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) үйінде бақыт, жайлылық пен тыныштық орнауы үшін бар күшін салады. Оның жүрегі таза, ашық болатын. Ол Хадишаның балаларына да туған аналарындай қарайды. Оларға қажеттің барлығын жасайды. Фатима мен Умм Кульсум үшін ерекше кішіпейілділік пен биязылық көрсетеді. Алланың Елшісін (с.ғ.с.) оның ақ ниеттілігі мен сүйіспеншілігі қатты қуантады.
Ол өзінің күйеуін қуантатын нәрсені жасаудан аянбайтын еді. Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) екінші әйелі болған Айшаның көңілін табуға да тырысатын, әрі көмектесетін болған. Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) жас әйеліне өз кезегін де беретін. Ол Айша (р.а.) үшін аналық махаббатын аямай, оны өзінің мейірімділігімен және рақымдылығымен құшағына алады. Бәрін соның жастығына арнайды.
Савда (р.а.) үшін Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) әйелі болғаннан және оның үйінде тұрғаннан артық бақыт жоқ еді. Оған басқа ешнәрсе де керек емес болатын. Өйткені ол жас емес, толық еді. Ол бәрін сезіп, жақсы түсінетін болған. Ол бірде Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) былай дейді: «О, Алланың Елшісі! Мен өз кезегімді Айшаға (р.а.) беремін, енді менің күндерім соныкі болсын. Мен тек әйелің болып қалсам болғаны. Алла Қиямет Күні бізді бірге тірілтсін және мені мәңгілік сенің әйелің етсін». Ол осылайша өзінің ең таза сезімін білдірген.
Ол қайтыс болғанан кейін оның осы істегенін Айша (р.а.) үнемі есіне түсіріп, былай дейтін: «Мен өзім үшін сүйікті әйелдердің арасында Савда бинт Зам’аға (р.а.) ұқсағым келеді. Ол қартейген кезінде: «О! Алланың Елшісі! Мен өз күндерімді Айшаға (р.а.) беремін», - деп айтқан еді».
Ол қарапайым, кең пейілді және жомарт жан болған. Ол үшін осы дүниенің игіліктерінің құны болмаған. Ол өзінде бардың немесе сыйға алған нәрселерінің бәрін кедейлерге садақа ретінде таратып беретін. Ол жетімдер мен кедейлерді қуантқанды ұнататын. Бірде оған Омар (р.а.) әжептеуір ақша жібереді. Ол: «Бұл не», деп сұрайды. Оған: «Ақша», деп жауап береді. Сол кезде ол: «Маған құрма құсатып, мұнша ақшаны неге жібереді?», - дейді де бар ақшаны кедейлерге үлестіріп береді.
Ол Исламның таралуына едәуір үлес қосқан шынайы, ақ көңіл, еңбек сүйгіш және батыл әйел болған. Савданың (р.а.) арқасында оның бұрынғы отбасының барлық мүшелері мен туысқандары хиджраға дейін-ақ исламды қабылдап мұсылман болады. Ухуд шайқасы кезінде аса құрметті Савда (р.а.) жараланған мұсылмандарға көмек көрсеткен, оларға су тасып беріп тұрған. Ол Соңғы Қажылық кезінде Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) қасында болған.
Алланың Елшісі (с.ғ.с.) бұл дүниеден өткеннен кейін ол бірде-бір рет умра да, қажылық та жасамайды. Одан мұның себебін сұраған кезде, Қасиетті Құранның «Үйлеріңде отырыңдар, кәдімгі надандық дәуірінше ашылмаңдар. Сондай-ақ намазды орындап, зекет беріп, Аллаға, Пайғамбарына бағыныңдар. Әй Пайғамбардың үй-іші! Шын мәнінде Алла сендерден арамдықты аулақ қылып, өздеріңді тап-таза қылуды қалайды» (Ахзаб, 33-аят) деген аятын меңзеп былай деп жауап береді: «Мен өз үйімнен Алланың бұйрығы бойынша шыққым келмейді».
Ол Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) бес немесе алты ғана хадисин жеткізген. Міне мынау солардың бірі:
«Бірде Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) әйелдерінің басы қосылған кезде олардың біреуі: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін оған біздің қайсымыз бірінші қосылар екенбіз?», - дейді. Олар осы сұрақтың жауабын Елшінің (с.ғ.с.) өзінен білгілері келеді. Барлығы бірігіп оған келеді де, былай деп сұрайды:
- О, Алланың Елшісі! Біздің қайсымыз сен қайтыс болғаннан кейін басқалардан бұрын саған қосыламыз?
Пайғамбар (с.ғ.с.) күлімдеп былай деп жауап береді:
- Мен қайтыс болғаннан кейін маған кімнің қолы ұзын болса, сол қосылады».
Осы ғибратты да өнегелі жауапты естіген Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) әйелдері кімнің қолы ұзын деп салыстыруға шешім қабылдайды. Савданың (р.а.) қолы ең ұзын болып шығады. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) ана дүниеге аттанғаннан кейін, Савда (р.а.) осы сөздерді есіне алып, өз өліміне бұрынғыдан бетер дайындала түседі. Алайда Зейнеб бинт Джахш (р.а.) басқалардан бұрын қайтыс болып, Пайғамбарға қосылады.
Оның әйелдерінің арасында ең жомарты міне осы Зейнеб бинт Джахш (р.а.) болатын. Савда (р.а.) бұл сөздің астарлы мағынасын тек сол кезде ғана барып түсінеді. Қолдың ұзындығы дегені «жомарттықты» білдірген.
Савда бинт Зам’а (р.а.) Омар (р.а.) халифалық етіп тұрған кезде жасы жетпістен асқан шағында қайтыс болады. Алла оған разы болсын. Бізге осы тақуа әйел жақтаушы болсын. Әумин.
muftyat.kz