Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Египет Араб Республикасына барған ресми сапарында қазақстандық студенттермен кездесуінде осылай деді.
«Қазір сіздерді жақсы оқу, терең білім әрі тәжірибе алу мәселелері ғана алаңдатуы тиіс. Сіздер – болашақ діни қайраткерсіздер. Ертең елге барғанда бүгін алған білімдеріңізді, мол тәжірибелеріңізді халықтың діни сауатын ашуға жұмсауларыңыз қажет. Саясатқа, мұсылман елдерінде болып жатқан діни ахуалдарға алаңдамаңыздар. Мұның бәрі – өткінші. Елбасы айтқандай, заман өзгереді, ал Ислам – мәңгілік. Діни басқарманың ұстанымына жат ағымдарға алданбаңыздар. Терең ойланып, шешім шығармай жатып, қателесу – өмір бойы өкініп өтуге әкеп соғуы мүмкін. Осыны ұмытпаңыздар», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Мысыр мүфтияты арасындағы келісім негізінде Египетте жалпы саны 96 қазақстандық студент теологиялық білім алуда.
Айта кетер жайт, екіжақты қабылданған меморандум бойынша ҚМДБ-ның рұқсатын алмаған студент Мысырдағы діни оқу орындарына түсе алмайды.
ҚМДБ Баспасөз қызметі