ТАРАЗ ШАҺАРЫ 15 МӨЛТЕК АУДАНЫНДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ

ТАРАЗ ШАҺАРЫ 15 МӨЛТЕК АУДАНЫНДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүгін Тараз жұртшылығы асыға күткен, 15 мөлтек ауданында бой көтерген жаңа мешіт қолданысқа берілді. "Әлі ата" атауын алған су жаңа, ерекше дизайында салынған мешіттің ашылу салтанатына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келіп қатысып, лентасын қиды. Шараға наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы мен қатар Елорда мен Алматы қаласынан делегация қатысты.

ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев құран аяттарын оқып, Бас мүфти батасын берді. Көпшілік алдында сөз сөйлеп, мешіт салудың сауабы мен дәрежесін тілге тиек етіп, Тараздықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады. "Тан империясының соққысынан аман қалғаннан соң қазақ даласына Ислам діні осы Тараз жерінен бастап тараған. Осындай дін тараған қасиетті мекенде кезекті мешіттің ашылуы қуаныш,"- деп атап өтті Бас мүфти. 

Сонымен қатар мешітті салған Қуаныш Дүйсенбекұлы мен жары Ұлбосын Қарынбайқызына өз атынан алғыс хат табыстап, Әлі ата ұрпақтарына алғысын білдірді. Ал Тараз қаласының бас имамы Ержан Аманбаевқа мешітке сыйлық ретінде Құран Кәрім кітабын табыстады. 

Ұлтты ұйыстырған жиында Қазақстанның Еңбек Ері, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Мұқаш Ескендіров, Ардагерлер алқасының төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Жаратылыстану ғылымдарының академигі Сағатбек Мырзашев сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді. 

Мешіт лентасы қиылған соң азан шақырылып, көпшілік мешітке кіріп бесін намазын оқыды. Кейін мешіт асханасы мен ауласына арнайы 700 адамға даярланған дастарханға жайғасып, ас ішті. Жамағатқа сыйлық ретінде мешіт соққан кәсіпкер азаматтың атынан жайнамаздар сыйға тартылды. 

Айта кетейік, мешіттің жер көлемі - 2,5 га. алып жатыр. Мешіттің көлемі – 1350м2. Құлшылық ордасында ерлер намаз оқитын орын мен әйелдер намаз оқитын орын бар. Мешітте ерлер және әйелдер әжетханасы, 230 орынға арналған асхана, мешіт имамының үйі, қарилар үйі (қонақ үй), пешхана, мәйітхана, қойма қарастырылған. Және қосымша трансформатор, электр щитовая, көгал, суару алаңы, су жинағыш, көлік тұрағы бар. Мешіт құрылысы 2022 жылдың 23 сәуірінде басталып, 2 жылы 3 ай бойы жалғасып, 2024 жылдың 3 маусымында аяқталды.

 Ақерке БЕКҚҰЛОВА

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: