Ғайбат туралы не білеміз?

Ғайбат туралы не білеміз?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алдымен ғайбаттың мағынасына тоқталайық. Ғайбат дегеніміз – бір адамның сыртынан, оның бойындағы жағымсыз, жаман қасиеттерін біреуге айту. Имам ән-Нәуәуи ғайбаттың мағынасы мен түрлерін баяндап, былай деген: «Ғайбат – бұл адам туралы, оған ұнамайтын нәрсені айту. Оған денесіндегі кемшілік, діні мен дүниесіндегі, тәртібіндегі, бала шағасы, әйелі мен құлдарындағы, тіпті оның киімдеріндегі, жүрісі мен оның көтеріңкі көңіл-күйіндегі немесе тұңжыраған түріндегі, әрі сол сияқты, соған қатысты нәрселердегі айыптар туралы айту жатады. Сонымен қатар, осы кемшіліктер жайлы сөзбен айтылса да, ишарамен айтылса да, ымдаумен айтылса да – бәрі бір» [«әл-Әзкәр»: 288].

Ал ғайбаттың қаншалықты күнә екендігіне келер болсақ, Алла Тағала оны Құранда қалай бейнелегеніне қарайық: «Әй, иман келтіргендер! ...Бір-біріңді аңдымаңдар, әрі бір-біріңді ғайбаттамаңдар. Әлде өлі бауырларыңның етін жеген сендерге ұнай ма, одан жиіркенбейсіңдер ме? Алладан қорқыңдар! Расында, Алла – тәубені қабыл етуші, ерекше Мейірімді»(49:12). Алла Тағала ғайбатты адамның етін жеуге теңеуі арқылы, оның үлкен әрі жиіркенішті күнә екендігін білдірмек. Ал адам түгілі төрт-түлік малдың өлексесін жемейтін мұсылман үшін, бұл мүлдем жат қылық.

Мұсылман өлексенің етін жеуден қалай сақтанатын болса, ғайбат айтудан да солай сақтануы тиіс. Сондай-ақ, ғайбаттың күнәсі қаншалықты ауыр екендігін, оның жазасының ауырлығынан байқауға болады. Әнәстан (р.а.) жеткен хадисте, Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай дегені келтірілген: «Мені көкке көтергенде, мен жез тырнақты адамдардың қасынан өттім. Олар тырнақтарымен өз беттері мен кеуделерін тырнап жатты. Мен: «Әй, Жәбірейіл! Бұлар кімдер?», – деп сұрадым. Ол былай деді: «Бұл адамдардың етін жеп, оларды арсыз ететіндер»» [Ахмад 3/224]. Ғайбаттың харам екендігінде ешқандай күдік жоқ әрі бұған Құран, Сүннет және ғалымдардың бірауызды келісімі (ижма`) нұсқайды.

Имам әл-Қуртуби былай деген: «Бірауызды келісім (ижма`) бойынша, ғайбат, ол үшін тәубе жасау керек болған күнә болып табылады»[«Тәфсир әл-Қуртуби»: 4/354]. Күнәнің үлкен-кішілігі емес, Кімнің алдында жасалып жатқандығы ескерілгені жөн. Алла Тағала біздің әрбір сөзіміз бен ісімізді бақылауда, тіпті көкейіміздегі ойлар да Оған жасырын емес. Сондықтан, үлкен күнәдан үрейленіп, кішісін көзге ілмей жүру күнәдан қорықпаушылыққа алып барады. Алла Тағала баршамыздың үлкенді-кішілі күнәларымызды кешіріп, сауаптарымызды арттырғай! Әмин!

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: