Бүгін Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде ҚР МСМ Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бірлесе ұйымдастыруымен «Зайырлы мемлекет және дін қатынастары дәстүрлі рухани құндылықтар аясында» атты екікүндік семинар өз жұмысын бастады. Дәстүрлі және отбасылық құндылықтарды нығайтудағы әйелдер мәртебесін арттырып, қоғамдық ұйымдар қызметін жандандыруға бағытталған семинарға ҚМДБ құрамындағы діни сауат ашу курстары мен діни білім беру мекемелерінің ұстаздары, әйелдер қоғамдық ұйымдарының жетекшілері және ЖОО жанынан қыздар клубының басшылары қатысты.
Оқыту семинары барысында қатысушыларға Дін істері комитетінің басшылығы мен қызметкерлері, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өкілдері, ҚМДБ-ның мамандары, білікті сарапшылар мен дінтанушылар дәріс өткізетін болады.
Семинар барысында қазақ қыздарының өнегелі буынын тәбиелеу мақсатында құрылған «Қыз Жібек» клубының қызметімен танысады. Сонымен қатар, Орта Азия мұсылман әйелдерінің ІІ форумын өткізу мәселелері талқыланады.