Жуырда Шымкенттік жас жұбайлар үйлену тойы алдындағы қыдыру жоралғысын жетімдер үйінде өткізгенін бірқатар БАҚ беттерінде жарыса жазылған еді. КТК телеарнасы жаңа отау көтерген жұптың той қызығын не себепті Балалар үйінде өткізгендерін өз ауыздарынан білді.
Мейірман мен Сәнияның өздері осы мекеменің түлектері емес. Дегенмен, өмірлерінің маңызды сәтін мән-мағыналы өтуін, жетім балаларды қуантуды да қосыла қалаған екен. «Жетім балалар қандай тойға барып жүр деген ең үлкен ой сол болды. Әрқайсының күлгені, жаңағы келіншекпен мен де билеймін деп, мен билей алмай қалдым ғой деп бір шетте жылағанына дейін көрдік. Қуанышты барлығы. Өзіміздің де көзімізге жас келді шыны керек» деді күйеу жігіт Мейірман Сауранбек.
Тойдың қызығы бүлдіршіндер қалыңдықтың жанынан үйіріліп шықпайды. Жас жұбайлармен әбден билеп, суретке түсті.
Той алдындағы қыдыру жоралғысын жетімдер үйінде өткізуді шаңырақ көтеруші Мейірман бұрыннан ойлап жүрген екен. Кортежге ақша шығарғанша, асаба жалдап, балалар үйінде дастархан жайғысы келетінін естігенде, оған кей жолдастары күлген.
Тіпті, келіншегі Сәния да алғашында лимузинмен қыдыруда қаласа, жас күйеуінің ақылынан соң райынан қайтып келісім берген. Сөйтіп, жас жұбайлар екі сағаттай балалар үйіндегі отырыстан соң, туыстарымен мейрамханада тойлатқан. Ең қуанышты күнін жетімдермен ортақтасқан жас жұбайлар енді балалар үйіне жиі келіп тұрмақшы.