Айлардың сұлтаны рамазан айында Жамбыл облысы Байзақ аудандық «Байзақ баба» мешітінде ауызашар берілді. Ауызашар дастарханында «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Қанат Әділханұлы мешіт жамағатына «Рамазан кемелдену айы» тақырыбында насихат айтты.
Қанат Әділханұлы: «Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе дейінгі қауымдарға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де ораза ұстау парыз етілді», («Бақара» сүресі, 183-аят) деп баяндайды. Шариғатымыз бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда жолаушылар, науқас жандар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенген адамдар, сондай-ақ жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстауды кейінге қалдыруына болады. Бұған шариғатымыз рұқсат береді.
Рамазан айының қадірі мен қасиетін терең түсінген ізгілер оразаға екі ай қалған сәттен бастап: «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» – деп дұға жасаған. Сан ғасырдан бері Ислам дінін рухани тірегі еткен халқымыз берекелі Рамазан айын ерекше дайындықпен күтеді. Сауаптар еселеніп жазылатын айда ауызашар беріп, көмекке мұқтаж жандарға пітір садақасын үлестіріп, үлкендердің алғысы мен батасын алуға тырысады. Оразада игі ниетпен орындалатын ізгі амалдар бүгінде әдетке айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді», - деді.