Қасиетті Рамазан айында сәуірдің 5-нен 6–на қараған түні Жамбыл облысы, Қордай ауданы Аудандық «Қордай» мешітінде мың айдан да қайырлы Қадір түні аталып өтті. Қадір түнінің қадірін білген жамағат мешітке лық толды. Бас имам Алмұханбетаранжан Егізбаев мешітке жиылған жамағатқа қасиетті түні болатын іс-шаралармен таныстырды. Кейін тарауық намазы оқылып, соңынан Құран хатым дұғасы жасалды.
Қордай ауданының бас имамы хатым дұғасын жасады, еліміздің, жеріміздің тыныштығын сұрап дұға етті. Сонымен қатар, жамағатқа еркін құлшылыққа уақыт беріліп, сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырылды. Жеңіске жеткен жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар тарту етілді.
Самат Абдыманапов ұстаз және Қордай ауданы «Рахман» мешітінің имамы Нұрмұхамед Кеулімжаев келуші жамағатқа «Сахабалар өмірбаяны» мен «Қадір түні» атты уағыз-насихат айтты. Содан соң жамағатпен Тәһаджуд намазы оқылып, ауыз бекіткен көпшілікке сәресі берілді. Бамдат намазының уақыты болғанда жамағат болып таң намазын оқып, үй-үйлеріне тарқасты.
Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі