Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Әл-Ғани» мешітінде тарауық намазына қатысып, жамағатқа уағыз айтты.
«Рамазан айында туыстық қатынасты күшейтудің маңызы» тақырыбында насихат айтқан ҚМДБ Төрағасы ағайынмен араласу, жақыныңа қарайласудың маңызына тоқталып, оразаның туыстармен қарым-қатынаста да үлкен мүмкіндік екенін тілге тиек етті.
«Қасиетті Рамазан айында атқарылатын үлкен сауапты істердің бірі – туыстық қатынасты нығайту. Туыстық қатынасты сақтау – Алла Тағаланың біздерге әмір еткен бұйрықтарынан. Қасиетті Құранда: «Негізінде Алла әділетті, ихсанды және ағайынға қарайласуды бұйырады», – деп айтылған («Нахыл» сүресі, 90-аят).
Ғалымдарымыз туыстық қатынасты сақтауға: «Адамның өз шамасына сай туысқанының қажетінен табылып, жақсылық жасай білуін айтамыз», – деп анықтама берген. Әмр ибн Әл-Ас (Алла оны рақымына алсын) ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға не үшін жіберілгенін сұрағанда: «Мені туыстық қатынастарды нығайту үшін жіберді», – деген.
Алла Елшісінің өзі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туыстық байланысты берік сақтайтын әрі өзгелерге де туыстарымен байланысты үзбеуді әркез өсиет ететін болған. Қасиетті Рамазан айы – туыстық қатынасымызды нығайтып, оларға жақсылық жасаудың тамаша мүмкіндігі. Бұл шарапатты айда туыстарымызбен қарым-қатынасқа да баса көңіл бөлгеніміз дұрыс» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бұдан кейін Бас мүфти мешіт жамағатымен бірге тарауық намазын оқып, ел амандығы мен игілігі үшін дұға жасады.