Париждің Bataclan концерт залында болған лаңкестік актіден 112 адам көз жұмды. Бұл туралы CNN телеарнасы Франция үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды, деп жазады Bnews.kz.
Сондай-ақ, лаңкестік актілер Stase de France стадионы маңында Франция мен Германия арасындағы матч кезінде және Париждің бірнеше ауданында болған. Ол жақтарда да ондаған адам мерт болған және жараланған.
Францияның арнайы жасағы концерт залында оқ атқан 4 адамның көзін жойды. Куәгерлердің айтуынша, лаңкестер «Бұл Сирия үшін» деп айқайлап, залдағы адамдарды шетінен қырған.
Париж прокуроры Франсуа Моленстің айтуынша, лаңкестік актілер бір уақытта қаланың 6 жерінде болып, кем дегенде 153 адам көз жұмған, деп жазады ТАСС агенттігі.
Естеріңізге сала кетсек, жұма күні Париждің бірнеше ауданында лаңкестік актілер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Stade de France стадионы маңында үш бірдей жарылыс болды. Франция мен Германия арасындағы матчты тамашалауға ел президенті Франсуа Олланд келген. Қазір Францияда төтенше жағдай жарияланды.