ДІН ҚЫЗМЕТКЕРІ ҮШІН ҚАЖЕТ ЕҢБЕК

ДІН ҚЫЗМЕТКЕРІ ҮШІН ҚАЖЕТ ЕҢБЕК

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам – ізгілік пен қайырымдылық, адамгершілік пен көркем мінез-құлықтың діні. Әрбір мұсылманның міндеті – өзгелерді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйып, осы асыл дінімізге шақыру (дағуат жасау) болып табылады. 

Дағуат – Исламды сөз бен іс арқылы шынайы түрде көрсету деген сөз. Яғни, кез келген мұсылман өзін хақ діннің бейнесі екенін ұмытпай, Исламда жоғары бағаланатын қасиеттерге ұмтылуы керек. Дағуат жасау үшін адамның тұла-бойында қажетті қабілеттердің болуы да маңызды. 

Бүгінгі ақпараттық дәуірде ғаламтор форумдарында және әлеуметтік желілерде дінге шақыратын тұлғалармен жиі кездесуге болады. 

Бұл – қуантарлық жайт. Дегенмен, көп нәрсе дағуатпен айналысатын адамның білімінің тереңдігіне байланысты. Аталмыш іспен белсенді түрде айналысып, бірақ бұл мәселеден мүлдем хабары жоқ адамдар қатары да аз емес. Өйткені, дағуат жай ғана «шақыру» емес. Бұл – толық ғылым.

Жақында қолымызға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Нұр-Мүбәрак университетінің баспасынан шыққан «Ислам дағуатының негіздері мен әдістері» кітабы тиді. Аталмыш еңбекте дініміздегі дағуат ілімінің қыр-сыры терең зерттеліпті.

«Исламдағы дағуат: анықтамасы, діни танымдық негіздері, қызметі мен тарихи трансформациясы»; «Исламдағы дағуат әдістері»; «Дағуатшының сипаттары» және «Дағуат құралдары» сияқты бөлім атауларының өзі бұл кітаптың өте күрделі ғылыми танымдық еңбек екендігін көрсетеді.

«Исламдағы дағуат әдістері» бөлімінің ішіндегі «Даналық және көркем насихатпен жеткізу», «Қиссалар арқылы жеткізу» және «Тәмсілдер арқылы жеткізу» сынды тараулардың болуы көңілімізге қонды.

Оның бірден-бір себебі, бұлардың барлығы халқымыздың тарихымен және өмір сүру тәжірибесімен тығыз байланысты.

Осыны жетік меңгерген қазақтың ақын-жыраулары, ойшылдары ислам дінінің қайнар көздері болып табылатын – Құран аяттары мен ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне сүйеніп, шешендігінің арқасында дінімізді насихаттап, түйіткілді түйіндерді шешіп отырғаны баршамызға мәлім.

Мәселен, Шернияз ақын «Сөйлейін сөзді термелеп» деп аталатын шығармасында тыңдарманын дүниенің ғажап сырларынан ғибрат алуға шақырады:

Ай жігіттер, жігіттер,

Жердің жүзін қарасаң,

Мұнша неге кең болған?

Жеті мүше денеміз

Бір-біріне тең болған.

Төрт аяқты айуандар

Неге адамнан кем болған?

Жарық үшін күн болған,

Тыным үшін түн болған.

Тамашалап қарасаң,

Ай мен жұлдыз, күндіз, түн,

Орман, тоғай, от пен су,

Таң-тамаша, кім қылған?

Құрт-құмырсқа, ұшқан құс

- Бұ да басқа түр болған, - деп жер басқан жұмыр басты пенде әрқашан қаперінде ұстап, ойлануы тиіс тұжырым жасайды. 

Шәкәрім Құдайбердіұлы да өзінің «Шыннан өзге Құдай жоқ» атты өлеңінде Жаратушының бар екенің нақты тайға таңба басқандай анық білдіреді:

Шыннан өзге Құдай жоқ,

Анық құдай – Шын Құдай.

Ұқпай қалма алаң боп,

Шын болмаса, кім құдай?

Бұрын шын бар, бүгін шын,

Ертең шын бар – үш  бөлек.

Керегі жоқ бұлардың,

Бұзылмайтын Шын керек.

Жоғарыда келтірген мысалдар бізге дейінгі ұрпақтардың діни білімді,  соның ішінде дағуат ілімін қандай деңгейде меңгергендігін анық аңғартады. Бұл біз үшін – баға жетпес үлгі.

Осыны ескере отырып, өзіміз білмейтін нәрсеге кіріспейік дегім келеді. Айтылған әрбір сөздің сұрауы болатынын естен шығармайық.

 Ислам МАРАТҰЛЫ,

Байқоңыр қалалық «Жәрімбет»

мешітінің бас имамы,  РАНТ мүшесі

«Мұнара» газеті, №2, 2024 жыл  

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: