Ресей Мемлекеттік думасы төрт негізгі конфессияның қасиетті кітаптары мәтіндеріне тиіспеушілік туралы Заң қабылдады. Бұл қатарға Құран, Інжіл, Танах пен Ганджур кітаптары енді.
Аталмыш заң жобасы ел президенті Владимир Путиннің ұсынуымен 14 қазанда қолға алынған еді. Айта кетейік, бұл құжат Оңтүстік Сахалин сотының қасиетті Құран аяттары жазылған кітапты экстремистік деген шешім шығаруына байланысты қарсы реакция болды.
«Інжіл, Құран, Танах пен Ганджур және ондағы мәтіндер экстремистік материал болып танылмайды» делінген жаңа заңда.
Өткен тамыз айында Оңтүстік Сахалин қалалық соты «Құдайға құлшылық: оның мағынасы мен исламдағы орны» дін кітабындағы мәтіндер экстремистік деп танылған болатын. Сондай-ақ, кітапта келтірілген Құран аяттары, оның ішінде «Фатиха» сүресі де бар. Соңыра облыс соты қалалық соттың шешімін мақұлдамай, кері қайтарды. Енді қасиетті кітаптар Ресей президентінің ұсынуымен Федералды заң жүзінде қорғалып отыр.