Қазақтың салт-дәстүр құндылықтары: Ерулік

Қазақтың салт-дәстүр құндылықтары: Ерулік

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Халқымыздың  ұмытылып бара жатқан салт-дәстүріміздің бірі-ерулік. Ерулік көшпенді қазақ халқымыздың арасында керемет тараған дәстүрлердің бірі болып есептеледі. Ерулік дегеніміз ауыл тұрғындарының өзеріне жапсарлас көшіп келген көршілеріне қонақ асы беріп қонақ етуін айтады. Ерулік беру арқылы дана халқымыз жаңа көшіп келген көршіні өзіне жақындастыруды, тату болуды көздейді.

Халқымыз «Көршіні ешкім таңдамайды, Тәңір қосады», «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп көршіні, қоңсылықты ерекше қадірлеген. Алдымен көшіп келе сала жаңа көршісіне ерулік беріп,содан кейін сый-сыяпатын, көмегін аямай тату тұруды көздеген. Тіпті ел аузында осыған байланысты мынадай нақыл сөз қалып қойған: «Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық!». Көрші ақысын жете түсініп,сыйласа білген халқымыз көршісі жақсы болсын, жаман болсын, сыйласа білген. Бір үзім нанын бөліп жеп,бір құдықтағы суларын бөліп ішкен. Көршіге ерулік бері үшін халқымыз қысқы соғымның сүбелі мүшелерінен, (қазы қарта, жал жая) т.б дәм әзірлеген. Немесе қой сойып қазан асып шақыратын болған. Осылайша дәм-тұз татырып, ықылас-пейіл білдірген. Өйткені, болашақ өмірдің көп қызығы мен шыжығы, нақ сол көршілердің инабаттылығында, адамгершілік болмыстарында, тәлім-тәрбиесі мен рухани, мәдени өресіне байланысты болатын қарым-қатынас сипаттарынан туындайды деп түсінген дана халқымыз ең тәтті дәмдісін жаңа көшіп келген көршілерінен аямайтын. Өйткені көршімен жақсы қарым-қатынаста болу-шынайы мұсылмандық қасиет! Бұл жайында қасиетті Құран Кәрімде былай делінеді: «Аллаға ғана құлщылық етіңдер. Оған еш нәрсені серік қоспаңдар. Әрі ата-анаға, жақын туыстарға, жетімдерге, міскіндерге, туыс көршіге және бөгде көршіге жақсылық жасаңдар!». Міне, осы аятта айтылғандай әлемдерді Жаратушы Хақ Тағала өзінің құлдарына басқалармен бірге көршіге де жақсылық жасауға бұйырған. Осылайша, көршінің ақысы, көршіге қайырымдылық жасау, тату болу асыл дінімізде Құран аяттары мен хадис шәрифтермен бекітілген нақты бұлжымас қағида болып қала берді. Осылайша, Ислам шариғатында, көршіңіз мұсылман, не мұсылман емес, мейлі кәпір болсын, жақсы мәмледе болуды, тым болмағанда амандасып, хал жағдай сұрауды, бір-бірінің үйіне бас сұғып тұруды өсиет еткен.

      Халқымыздың  жаңа келген көршісінің тіліне, дініне мән бермей,алдымен ақ дастарханынан дәм ауыз тигізіп ерулік беруі, осының анық дәлелі болса керек. Сол себепті де ерулік-дәстүрлі халықтық жоралғының жарқын үлгісі болып қала берді. Көріп отырғанымыздай дініміз көрші ақысына үлкен мән беріп, оның қуаныш-қайғысына ортақтасуды, қателіктерін кешіре біліп ішер асыңды бөлісуді де уағыздайды. Осы жайында Пайғамбарымыздың (с.а.у) «Өзі тоқ болып, көршісі аш болған кісі бізден емес (яғни, мұсылмандардан) деген хадисын айтып кеткіміз келеді. Асыл текті ата-бабаларымыздың басынан өткен зобалақ пен небір қайғы қасіреттер де осы бір көршімен жақсы қарым-қатынаста болуды еш құрта алмаған. Тіпті ерте кезде ереулікке шақырмағаны үшін жаңа көшіп келген көршілер бір-бірін айыптап, айыппұл салатын болған деседі.

Жалпы, қазақ халқының мақал-мәтелдері ислам дінімен астасып жатады. «Жақсы болсаң көршіңмен, кем қалмайсың еншіңнен» деп, жақсылықтың қайырымы тек жақсылыққа жеткізетінін меңзей келе, көршімен дұрыс мәмледе болсаңыз, ол да сізбен жақсы қарым-қатынаста болатынын білдіреді. Алла елшісінің (с.а.у) Әбу Хурайрадан жеткізілген хадисінде «Кімде кім Аллаға және ақырет күніне имам келтірсе,көршісіне зиян келтірмесін» деген сөзін жеткізген. Сондықтан да болар «Кең болсаң, кем болмайсың» деген мақалды ту еткен дана халқымыз, ерулігін беруден бастап көршісінен ештеңесін аямаған. Өмірімізде күнбе-күн, жүзбе-жүз кездесіп, туыс-туғаныңнан артық амандық-саулық сұрасып, әлемнің бір нүктесіндегі ортақ қоныста қоян қолтықша араласып, шүйір келесе бір кесе шай ішетін жанымызға жақын жандар бірден-бір осы көршілер. Басқа іс түссе, қысылтаяңда, алыс-берісте, көмек пен жәрдем, қуаныш пен қайғыда, тіпті атқан таң мен басқан күнге бірінші куәгер болған әрине сол көршілер. Алыстағы туыстан жақындағы көршің артық деп ата-бабаларымыз айтпақшы, көршімен татулық-қоғамның татулығын ұқтыратындықтан, ислам діні көршімен сыйластықта болуға шақырады.

Аманбаев. С

"Әлжан ана" ауылдық «Құдайберген» мешітің имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: