Перзент тәрбиесі жайында аз айтылып жүрген жоқ. Соның ішінде оларға өмірлік дұрыс бағыт беру жолын көрсету жайлы дініміздің өз талаптары жайлы азды-көпті сөз етпекпіз. Былайша айтқанда, мамандық таңдау деп айтсақ та болады. Мамандық таңдау - тек оқу мен диплом алу ғана емес, бұл - өз өміріңнің бағытын таңдау. Әр ата-ана өз перзентінің дүниедегі ең тәрбиелі де бақытты, әрі білімді болуын қалайды. Әрі соған бару жолын қарастырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Ешбір ата-ана өз перзентіне тәлім-тәрбие мен әдептен артық мұра қалдыра алмайды", - деген екен.
Жалпы перзентті еңбекке баулу арқылы баланың есте сақтау, көру, сезіну, дұрыс ойлау қабілеттері қалыптасады. Қолғабын, бас киімін, көйлегін, шұлығын киетін кезде оны қай жерге киетіні, баланың ойлау, көру, есте сақтау қабілеттері арқылы жасалады. Баланың әр дұрыс жасаған еңбегін, қылығын мақтап, ынталандырып отыру аса қажет. «Жарайсың, бәрекелді, өте жақсы, керемет!» деген сияқты сөздер баланы еңбек етуге деген қызығушылығын оятады, қанаттандырады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға һижрет жасап орналасқан соң Бәни Нәжжәр қауымы (тайпасы) Зәйд ибн Сәбитті алып алып келді. Ол кездерде Зәйдтің жасы он алтыдан аспаған еді. Олар:
-Уа Алланың Елшісі! Бұл бала сізді қуантыратын жағдайда Құран жаттаған, -деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) одан құран оқып беруін сұрады. Зәйд "Қаф" сүресін оқып берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Зәйдтің зейінінің өткірлігіне қайран қалып: "Әй Зәйд! Талабыңа нұр жаусын, Сен енді мен үшін яһудилердің жазуын үйреніп кел, кейін менің жазған заттарымды оларға аудармалар бересің" - деді. Он бес күнде Зәйд ибрани тілін үйреніп алды. Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) яһудилер арасындағы қарым-қатынастар (хат алмасу, аудармашылық қылу) жағынан өз қызметін атқаруға кірісіп кетті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Зәйд ибн Сәбиттің тіл үйренудегі қабілетін көре алды, әрі оған дұрыс бағыт берді. Нәтижесінде өте қысқа мерзімде ибрани тілінің оқылуын да жазуын да үйреніп алды. Өйткені Алла Елшісі (с.ғ.с.) сондай көреген ұстаз да еді. Ибн Кәсир өзінің кітабында: "Зәйд ибн Сәбит (р.ғ.) өте зерек бала еді. Яһудилердің тілін он бес күнде үйренді. Парсылардың тілін он сегіз күнде үйренді. Хабашилер мен румилер тілдерін де үйреніп шықты", - деп жазады.
Бұл әлемде көптеген халықтар мен ұлттар бар. Әрқайсысының өз тілдері мен мәдениеттері бар. Атам қазақта: "Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте" деген нақыл бар. Қазіргі таңда ағылшын тілі ғылым мен білім тілі болып тұрғаны жасыра емес. Әркімге Алла өзіндік бір ерекше қабілет берген. Қабілетсіз адам жоқ. Бағзы біреулерде тіл үйрену қабілеті жоғары деңгейде болады, бірақ математиканы жақсы түсіне алмайды. Ал енді кейбіреулер физика мен химиядағы теңдеулерді әр сәтте шешкені мен, төрт қатар сөзді жаттап алуы сондай қиынға соғып жатады. Сол үшін де отбасымызда болсын, мейлі мектепте болсын перзенттеріміздің қабілеттерін анықтап алғанымыз абзал екен. Егер Имам Әбу Ханифа өз мамандығына қызығушылық танытпағанда, онда күллі әлем жұрты шариғаттың не екендігін білмес пе еді?! Егер Ибн Сина өз мамандығына қызығушылық танытпағанда, онда күллі әлем жұрты медицинаның не екендігін білмес пе еді?! Егер Сәтпаев өз мамандығына қызығушылық танытпағанда, онда жер асты кен қазба байлықтарының не екендігін білмес пе едік?! Осындайда әйгілі философ, математик Платонның: «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген сөзі еске түседі. Демек, жас ұрпақты дұрыс мамандық иесі болуға, ауызбіршілікке, бауырмалдыққа тәрбиелеп, ізгіні, игілікті көп айтып, көп көрсетіп, өз ісімізбен үлгі бола білейік. Перзенттеріңізге өздерінің қабілетіне сай, бейім болған жолды үйретіңіздер!
Сұлтаншәріп Джадраев
Рысқұлов ауданы