Жақсылық жасаудан жалықпайық!

Жақсылық жасаудан жалықпайық!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бисмилләһир рахмәнир рахим!

Қадірлі жамағат! Алла тағала Құран Кәрімнің тоқсан тоғызыншы сүресінің жетінші, сегізінші яттарында: «Кім тозаңның түйіріндей салмақтағы жақсылық істеген болса, ол оны көреді. Ал кім тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе ол оны да көреді» деген.

Онымен қоса Хазырет пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Адамдардың жақсысы – адамдарға пайдалысы» деген. Құран Кәрім мен пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан осы хадистердің өміршеңдігі бүгінгі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді. Адам баласы бір-бірлеріне тек жақсылық ойлап, жақсылық жасағандағана өсіп-өнбек, мақсатына жетпек.

Осы тұста мына бір мысалды келтіре кеткенді жөн көріп отырмын. Бір байдың байлығы мол болды. Әсіресе қойы өте көп болды. Байдың еш қиянат жасамаған бір шопаны болды. Шопан әрдайым қойларды сауып, оның сүтін байға жеткізетін. Ал бай болса көп сүттің үштен біріне су қосып, базарға саттырады екен. Бір күні шопан байға қарап: «Ей, қожам сүтке су қосып сатқаныңыз мұсылмандыққа қиянат қой» дейді. "Алла тағала сізге мол байлық берді. Сүтке су қоспай сатсаңыз да дәулетіңіз жетеді ғой, қиянат жасағаныңыз өзіңізге зиян болады. Осыны ойлаңыз". Ал бай болса шопанның кеңесін тыңдамай, пайданы көп түсіремін деп дүниеқоңыздыққа салына берді. Өз ісін одан ары жалғастырды. Сонымен бірде шопаны қойларды саялау жерге иірді де өзі төбенің басында қисайып жатып ұйықтап қалады. Кенеттен қатты жаңбыр жауып, сел жүреді. Сол сел қойлардың бәрін ағызып алып кетеді.

Шопанның қара басы байға келеді. "Сүт қайда", - дейді бай. Сонда шопан: "Ей, қожам менің айтқан ақылымды тыңдамадыңыз. Сіздің сүтке қосқан сулар жиылып, сел болып келді де, барлық қойды ағызып алып кетті," - дейді. Ал сол жердің ұрпақтарының соңында бұлар сүтке су қосып сатқан байдың әулеттері деген сөз қалмай ілесіп келеді.

Міне, тозаңдай жамандық бір әулетке орасан зиянын тигізді. Алғашқы кісі тозаңдай жақсылық жасады оны көрді Алла тағала. Екінші Міне, Алла тағалам өз пенделеріне бір-біріңізге еш уақытта қиянат жасама, біреуге қиянат жасауды өзіңізге жасаған қиянат деп түсініңіздер дейді.

Тағы бір мысал. Бір пенде ел аралап қайыр сұрап жүреді. Күндердің күнінде әлгі кісі бір үйден қайыр сұрайды. Әлгі үйдің шайпау әйелі осы қайыршылардан-ақ күйдім-ау, осыдан құтылайын деп жауып жатқан нанына у қосып әлгіге екі шелпек береді. Қайыршы былай шыға бере ойнап жүрген балаларға тап болады. Олар қайыршыдан нан сұрайды. Ол қоржынындағы нанды балаларға бөліп береді.

Соның ішінен әлгі әйелдің екі шелпегін жеген екі бала қайтыс болады. Сөйтсе, ол екі бала әлгі әйелдің балалары болып шықты. Міне, біреуге жасаймын деген қиянат әлгі әйелдің өз басына айналып келді. Өмір деген – осы. Алла тағала бәрін көреді. Егер сіз біреуді шат-шадыман етсеңіз өз көңіліңіз де шат жүреді. Егер біреуді қапаландырып, мұңға, қайғы-қасіретке бөлесеңіз сізде көңілді жүре алмайсыз. Сіздің де көңіліңізді мұң-қайғы-қасірет басады. Жамандық жасасаңыз алдыңыздан шығады. Иә, бес саусақтың бірдей еместігі сияқты, адамдардың да тұрмыс-тіршілігі бірдей емес. Қай өңірді алып қарасақ та, көмекке мұқтаж отбасыларды кездестіруге болады. Біздің ауданда да нашар тұратын отбасылар бар. Мешіт үйі оларға әлінің келгенінше көмектеседі. Сіздерде оларға қолдан келгенше қайырым жасап, көмек етіңіздер, қадірлі мұсылмандар!

Бұл аз күндік шолақ өмірді бос өткізбей шын ықыласпен намаз оқып, Алла тағалаға құлшылық етіп, қолдан келгенше пақыр-міскінге қарайласу керек. Сонда Алла тағалам оны көреді, сіз жақсы адамдардың қатарына қосыласыз. Халқымыздың ардақты ұлы даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы жас ұрпаққа өсиет етіп қалдырғандай, адалдықтың адымы алты құлаш, арамдықтың адамы бір-ақ уыс. Адал болмай, азаматпын демегін. Жақсы сөз – жан сүйсіндіреді. Құлаққа ұғымды, ойға қонымды келеді деген осы. Бұл сөздерден көп мағлұмат аласыз.

Қадірлі мұсылмандар! Алла тағаланың ісіне адал болайық. Бәрімізді оның кішіпейіл, жақсы мінезді кұлдарынан ете көрсін. Әмин!

Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕКОВ,

«Жуалы» көпшілік мешітінің имамы.

Ауданның Құрметті азаматы,

аудандық билер кеңесінің мүшесі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз:

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active