Алла Тағала адамды Құранмен ұлықтайды!

Алла Тағала адамды Құранмен ұлықтайды!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағаланың қалауымен, Жәбірейіл періште (ғ.с.) арқылы Пайғамбарымызға () 23 жыл бойы Қасиетті Құран түсірілген Рамазан айында Құран-Кәрім жайында айтпай кету мен үшін бір өрескел қылық болар. Құранды оқу да, тыңдау да құлшылық болып табылады. Сөзсіз, әр күні Құран оқу біздің міндетіміз болып табылады, өйткені Құран оқу біздің сүйікті Пайғамбарымыздың () сүннеттерінің бірі. Алайда бүгін Құранның оқылуына ерекше мән беріп, көп уақыт бөлуге тиіспіз әрі отбасымыз болып Құран оқуға тырысып көрейік. Құран түсірілген айда отбасымыз болып Құран оқымасақ, басқа қай кезде бізде мұндай мүмкіндік болар? Құран оқу барысында бұл дүниелік нәрселер - теледидар, компьютер, ұялы телефон, әлеуметтік желілердің бәрінен бас тартып, тек Алла Тағаланы тыңдауға асқан зейін қою керек. Алла Тағала Құранда былай айтқан: «Әрине Алланың Кітабын оқып, намазды толық орындағандар және өздеріне берген несібемізден көрнеу, көмес түрде тиісті орынға жұмсағандар, еш түгемейтін бір сауда (сауап) үміт ете алады» (35:29).

Осы айда Қасиетті Құранды оқуды әдетке айналдырудың үлкен мүмкіндігі пайда болды. Алла Елшісі () былай айтқан: «Құран оқыңдар, асылында Қиямет күні оны оқығандарға Құран шапағатшы болады». Құран — Алла алдында сіздің отбасыңыздың шапағатшысы. Бүгінгі күн – сіздің Құранды ең көп оқыған күніңіз болсын. Ал ертеңгі күннен бастап, Құран оқу үшін арнайы бір уақыт бөліңіз. Ең абзалы – Құран оқудың жоспарын жасап алғаныңыз. Адамзаттың асылы Мұхаммед () былай айтқан: «Жүрегінде Құраны жоқ адам, қираған үй секілді». Сондай-ақ, Құран оқылмаған үйге шайтандар жиылады деп те айтылған. Қасиетті Құранның «Фурқан» сүресінің 30-шы аятында Алла Тағала Пайғамбарымыздың () Құраннан бас тартқан адамдар туралы алаңдаушылығын сипаттаған: «Пайғамбар: “Раббым! Рас менің елім бұл Құранды тастап қойды” деді» (25:30).

Аталмыш аятта айтылған адамдардың қатарында болмау үшін, мүмкіндігінше Құранға сай өмір сүруге тырысу керек. Кімде-кім Құранға сәйкесінше амалдар жасайтын болса, екі дүниеде де табысқа жетіп, Алланың қасында болады. Әрбір жатталған аят – Жұмақтағы дәреженің көтерілуі екенін есімізден шығармайық. Сол үшін Құранды көбірек оқиық! Егер Құранды араб тілінде оқи алмасаңыз, онда өзіңізге ыңғайлы тілдегі Құранның аудармасын оқыңыз. Алла Тағала сіздің отбасыңызды Өз Мейіріміне бөлесін! Сіздің отбасыңыз Қасиетті Құранға сай өмір сүретін жандардың қатарынан болсын! Әмин!

Ақерке Сыдықова 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: