Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласына барған сапарында ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің еліміз бойынша жауапты мамандарымен кездесті.
«Діни басқарма пәтуа беру саласы бойынша Өзбекстан, Қырғызстан, тағы басқа елдердің мүфтиятымен әріптестік байланыс орнатып, нәтижелі жұмыс істеп келеді. Ақылдасудың арқасында діни мерекелерді бір күнде атап өтуге қол жеткіздік. Бұл бағыттағы маңызды жұмыстарды биыл да тиісті деңгейде жалғастыруымыз керек. Осыған байланысты елімізде «Орта Азия Фиқһ мектебінің методологиясы» тақырыбында халықаралық конференция өткіземіз. Қазір дайындық жұмыстары жүруде.
Енді назар аударатын үлкен мәселенің бірі – 2024 жылдың бірінші наурызынан бастап елімізде сағат ауысады. Жыл бойы қазақстандық ғалымдар мен түрлі салалардың сарапшылары Қазақстан аумағында бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу мәселесін зерттеді. Осыған байланысты Қазақстанның бір уақыт белдеуіне көшуі жөнінде Үкіметтің тиісті қаулысы шықты.
Осыған орай намаз, жұма намаз уақыттары да өзгеретіні заңды құбылыс. Бұл ретте халық тарапынан көп сұрақ туындайды. Қазірдің өзінде сұрақтар келіп түсуде. Оның үстіне Рамазан айы жақындап келеді. Біз де өз тарапымыздан белсенділік танытып, сұрақтарға дер кезінде жауап беруіміз керек» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Кездесу барысында Бас мүфти семинарға қатысқан дін қызметкерлеріне арнайы сертификат табыстады.