ҚАСИЕТТІ ШАҒБАН АЙЫ МҮБАРАК БОЛСЫН!

ҚАСИЕТТІ ШАҒБАН АЙЫ МҮБАРАК БОЛСЫН!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Шағбан айы биыл 11 ақпаннан 10 наурызға дейін болады. Әрі қарай қасиетті Рамазан айы басталады.

Шағбан айында Алланың разылығына бөленіп, сауабына кенелу үшін көптеген құлшылықтарға ден қойған абзал. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) өткен Ережеп айына қарағанда Шағбан айында көбірек ораза ұстайтын. Бұл туралы Айша анамыз: «Алла елшісі (с.а.с) ораза ұстаса: «аузын ашпайды екен», аузын ашса: «ораза ұстамайды екен» деп қалатынбыз. Мен Алла елшісінің (с.а.с)Рамазан айынан тыс басқа айларда бір ай толық ораза ұстағанын көрмедім, сол сияқты Шағбан айы тәрізді басқа айларда көп ораза ұстағанын көрмедім», – деген.

Алла Тағала пенделерінің күнәсін кешіру үшін, атқарған ғибадат, құлшылықтарының сауаптарын еселеп қайтару үшін, оқыған дұғаларын дереу қабыл ету үшін түрлі айларды, түндер мен күндерді қасиетті етіп, сауабын арттырды.

Осы айда ораза ұстаған адамға Алланың шарапаты жауады. Осы айда ораза ұстаған адамның Алла құзырындағы дәрежесі артады. Жаратушының жақсылығы төгіледі, Аллаға жақындай түседі және Хақ нұрына бөленеді.

Шағбан айының 15-түні, яғни, ақпанның 24-нен 25-не қараған түн – Бәраат түні. Бұл түнді «күнәдан тазарту түні» деп те атайды. Бұл түн – періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Сондықтан бұл түнде Пайғамбарымызға (с.а.с)көп салауат, Алладан біліп-білмей істеген күналарымыздың кешірілуін тілеп (истиғфар), дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал. Ислам ғұламалары Рамазан айында өтетін «Қадір түнінен» кейінгі ең ұлық түн «Бәраат» деп баға берген.

Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.с): «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен (мағынасы мен маңыздылығына сай) өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін», – деп таң шапағы атқанға дейін рахымын төгеді» дей келе, «Алла тағала шағбан айының он бесінші түні (Бәраат түні) жер бетіне мейірім жаудырып, Өзіне серік қосқандар мен ата-анаға қарсы шыққандардан басқаларды кешіреді», – деп те айтқаны бар.

Сондай-ақ, бұл айдың ерекшелігінің бірі – Пайғамбарымызға (с.а.с)көп салауат айту. Себебі, хадисте: «Ережеп – Алланың айы, шағбан – менің айым, рамазан – үмметімнің айы» деп, ережеп айында кәлиманы, шағбанда салауатты, рамазанда құранды көп оқу керектігі жөнінде ескерткен еді.

Қорыта айтқанда, берекеге толы Шағбан айын бекерге өткізіп алмай, шамамыз жеткенше күндіз ораза ұстап, түнде құлшылық жасаған дұрыс. Бұған қоса, сүйікті Пайғамбарымызға (с.а.с)сансыз салауат арнаған жөн. Ата-аналарымызға, туыстарымызға, дос-жарандарымызға, көрші-қолаңдарымызға, кембағал, кедей адамдарға көмектесіп көптеген сауаптар жинайық.

Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с)Шағбан айы келгенде, «Алла Тағалам! Ережеп пен Шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз» деген дұғасын жиі айтатын болған. Бізге де бұл мүбәрак айды берекелі етіп, құлшылықпен өткізуді және Рамазан айына аман-есен жетуді нәсіп етсін!

Жер бетіндегі барша мұсылман қауымға амандық, саулық тілейміз. Баршамызға бір Алла жар болсын. Елімізде тыныштық, жерімізде береке болғай. Әумин!

  Азамат Берікұлы

Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: