СУ БЕРГЕННІҢ – САУАБЫ, БОС ТӨККЕННІҢ – ЖАУАБЫ БАР

СУ БЕРГЕННІҢ – САУАБЫ, БОС ТӨККЕННІҢ – ЖАУАБЫ БАР

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құран Кәрімде су сөзі алпыс үш орында айтылған. Сондай-ақ бұлт, жаңбыр, теңіз, өзен және басқа да суға қатысты атаулар кездеседі. «Әнбия» сүресінде:     

وَجَعَلْنَا مِنَ الْمَاءِ كُلَّ شَيْءٍ حَيٍّ أَفَلا يُؤْمِنُونَ

«...Сондай-ақ тіршілік иелерінің барлығын судан жараттық...[1]»,-деген аят бар. Тәпсір ғалымдары: «Бұл аятта су жер бетіндегі барлық жаратылыстың тіршілік көзі екені айтылуда» деген. Цитология ғылымы жасушада су маңызды элемент екенін дәлелдеген. Су әрбір өсімдік және жануар ағзасының басты бөлшегінің бірі.

Мына хадиске зер салайық. Сағд ибн Ұбада (Алла оған разы болсын): «Анам қайтыс болды, атынан садақ берсем бола ма?» - деп сұрайды. «Иә, болады», - дейді Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). «Ең абзал садақа қандай?» - дегенде, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Су ішкізу[2]»,-деп айтқан екен. Су ішкізу дегені – құдық қазу, бұлақтың көзін ашу. Хасан Басри: «Сағд ибн Ұбада Мадина қаласында екі су ішетін орын жасатты. Күні бүгінге дейін бар» дейді. Міне, бұл – сахабалардан кейінгі табиғин заманындағы оқиға.

«Су бергеннің – сауабы бар. Су төккеннің жауабы бар» демекші, пайғамбарымыздан кейінгі сахабалар құдық, бұлақ, арық және су арнасы сияқты халықтың ауыз суы мен егіндікке және күнделікті тұтынатын су мәселесіне жіті мән берді. Шам және Ирақ жерлерінде билік құрған мұсылмандар елдің тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында су қоймасын жасау, көпір салу, арна мен арық қазу сияқты су қорын жинау және үнемді пайдалану жұмыстарын дамытты. Сахаба Амр ибн Ас (Алла оған разы болсын) Мысыр елін басқарған шақта қысы-жазы елдің егін су арналарын жөндеу, бақылау жұмыстарына жүз мың жұмысшы қолданғандығы жайлы деректер бар.

«Су байлық – алты айлық, қар байлық – үш айлық» демекші, Яқұбидің «Булдән» және Яқұт Хамауидің «Мұғжам Булдан» еңбектерінде Аббаси халифалары егіндікке қолданатын су арналары, өзендері және арықтарының тоқтаусыз жұмыс істеуін және егіншілер мен шаруалар егістікті ешбір қиындықсыз суғаруы үшін жеке бақылауында ұстағандығы жазылған.

Фиқһ кітаптарынан бұрынғылар дәрет және ғұсыл құйынуда суда ысырап етпеуге ерекше мән бергенін көруге болады. Дәрет және ғұсыл сияқты тазалық амалында да үнемшіл болуы бізге басқа орындарда суды аса ұқыпты пайдалануды үйретеді. Атам қазақ «Су бар жерде ырыс бар. Ұстап балық жейсің, ақ бидай егіп, нанын жейсің» деп айтқандай су тапшы аймақтарда егінді суғару мәселесінде дау-дамайды болдырмау қиынның қиыны. Алайда, осындай мәселелерге қатысты сот істерін мұқият зерттеген төрт мазхабтың фиқһ ғалымдары суды тұтынушы егіншілер мен басқа да шаруалар арасындағы мәселелерді жіті қарастыра отырып, суға қатысты толық дерлік барлық мәселенің шешімін әзірлеген.

Өзен, көл, арық, құдық және бұлақ сияқты су көздерінің экологиялық тазалығы аса маңызды. Бүгінгі орта және болашақ ұрпақ үшін де. Бұл мәселені ардақты пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айрықша көңіл бөліп айтып кеткен. Сахаба Мұғаз ибн Жабалдан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Қарғыс әкелетін үш орыннан сақ болыңдар: су көздерінде, көлеңкелі орындарда және жұрт жүретін жерлерде дәрет сындырудан сақ болыңдар[3]» делінген. Әз-пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  бұл сөздері қоршаған ортаның экологиялық тазалығы, қоғамдық демалыс орындары мен табиғат аясындағы өзен, көл, арық және бұлақ сияқты су көздерін таза ұстау жайлы. Ауыз судың және су қорларының ластануы табиғаттағы тепе-теңдікті бұзады. Көптеген аурулардың таралуына әкеліп соғады.

Фиқһ кітаптарында суға қатысты үкімдер егжей-тегжей баяндалған. Ішу және дәрет алу үшін қолданатын суға қойылатын талаптар, құдық және су бассейнін тазалау әдісі, егістікті суғару, егіншілердің суды бөлісуі сияқты мәселелер толығымен қамтылған. Ислам өркениетінде ауыз суды тазалау әдістері, егістікке қолдану мақсатында арық және өзен қазу, жауын-шашын суын жинау үшін су қоймалары мен әуездер жасау болған. Сонымен қатар, су тапшы аймақтарда құдық қазатын, бұлақ көзін ашатын болған.

Әнас ибн Мәлик (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте:

سَبْعٌ يَجْرِي لِلْعَبْدِ أَجْرُهُنَّ مِنْ بَعْدِ مَوْتِهِ، وهُو فِي قَبْرِهِ: مَنْ عَلَّمَ عِلْمًا، أَوْ كَرَى نَهْرًا، أَوْ حَفَرَ بِئْرًا، أَوْ غَرَسَ نَخْلاً، أَوْ بَنَى مَسْجِدًا، أَوْ وَرَّثَ مُصْحَفًا، أَوْ تَرَكَ وَلَدًا يَسْتَغْفِرُ لَهُ بَعْدَ مَوْتِهِ

«Жеті амалдың сауабы пендегі қайтыс болған соң, қабіріне барып тұрады: Үйреткен білім, ағызған өзенді, қазған құдығы, еккен құрмасы, тұрғызған мешіті, мұра етіп қалдырған Құраны және күнәсін кешіруін тілейтін ұрпағы[4]»,-делінген. Байқасаңыз, хадистегі жеті жақсылықтың екеуі халықты сумен қамтамасыз етуге байланысты. Өйткені, қоғам ең көп пайдасы тиетін жақсылықтың сауабы мол болады. Пайдасына қарай сауабы.

Ал енді, суды тұтынудағы ең маңызды мәселе – үнемшілдік. Суды қолдануда тіпті құлшылық үшін болса да ысырапқа жол бермеу. Ибн Мажа кітабында мынадай хадис бар: «Дәрет алып отырған Сағд ибн Әбу Уаққастың жанынан өтіп бара жатып Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әй, Сағд! Мынау не ысырап?» - дейді. «Дәретте де ысырап бола ма?» - деген Сағдқа:

مَا هَذَا السَّرَفُ؟» فَقَالَ: أَفِي الْوُضُوءِ إِسْرَافٌ؟ قَالَ: «نَعَمْ، وَإِنْ كُنْتَ عَلَى نَهَرٍ جَارٍ

«Иә, тіпті ағып жатқан дария жағасында (дәрет алып) тұрған болсаң да[5]»,-деген екен пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) . Дәрет – тазалық, құлшылық. Ардақты пайғамбарымыз дәретке қолданатын судың өзін қажетінен артық пайдалану ысырап екенін айтуда. Хадисші ғалым имам Науауи (Алла оған разы болсын): «Барлық ғалымдар бірауыздан теңіз жағасында болса да, суды ысырап етпеу керектігін айтқан» дейді.

Сахаба Абдулла ибн Мұғаффал (Алла оған разы болсын): «Мен Алла елшісінің (Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّهُ سَيَكُونُ فِي هَذِهِ الأُمَّةِ قَوْمٌ يَعْتَدُونَ فِي الطُّهُورِ وَالدُّعَاءِ

«Бұл үмбеттің ішінде дәрет пен дұғада шектен шығатын бір топ болады», - деп айтқанын естідім [6]», - дейді. Әбу Дауд хадис еңбегіне түсіндірме жазған Айни (Алланың рақыметіне бөленсін): «Дәреттен шектен шығу дегені көп құйып (төгіп) және мөлшерін арттырумен суды ысырап етуі» деп түсіндірген. Имам Ахмед (Алла оған разы болсын): «Суды (дәретте) аз қолдану кісінің білімін көрсетеді» деген екен. Ғалымның шәкірті Мәруәзи: «Әскери тұрақта Әбу Абдулланың (имам Ахмед) суын әзірлеп бердім. Ол аз сумен жуынғанын көрген жұрт дәрет алуды білмейді екен деп айтпауы үшін көлегейлеп тұрдым» деп айтқаны бар.

Енді мына хадиске зер салайық, Амр ибн Шұғайып, әкесінен, сосын атасынан риуаят етеді: «Бір кісі пайғамбарымызға (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алла елшісі! Дәретті қалай алу керек?» - деп сұрады. Пайғамбарымыз бір құмған су алдырды. Екі қолын үш рет жуды. Сосын жүзін үш рет жуды. Кейін қос білетін жуды. Басына масих тартып, екі сұқ саусағын құлағына кіргізді, бас бармағымен құлағының сыртына масих тартты. Сосын екі аясын жуды. Мұнан кейін:

هكَذا الوُضوءُ فمَن زادَ علَى هذا فقَد أساءَ وتعدَّى، وظلمَ

«...Дәрет осылай алынады. Кімде-кім бұдан арттырса жаман етіп, шектен шығып, зұлымдық жасағаны[7]», - деген екен.

Асыл дініміздегі суды қолданудағы үнемшілдік жайлы хадистерге үнемі ескеріп жүру біздің міндетіміз. Сонымен қатар, бала-шағамыз бен араласатын ортамызда ауыз су және күнделікті тұрмыстағы суды ұқыпты тұтынуға шақырамын. 

 

Төлеби ОСПАН,

Алматы қаласының бас имамы

 

[1] Әнбия сүресі, 30-аят

[2] Байһақи

[3] Әбу Дауд

[4] Баззар

[5] Ибн Мажа

[6] Ибн Мажа, Әбу Дауд

[7] Ахмед, Насаи, Ибн Мажа

 
 
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: