Қызылордада «Qamqor-Sharapat» орталығының қызметін цифрландыру» тақырыбында аймақтық семинар өтті.
Қалалық орталық «Нұр» мешітінде өткен семинарға ҚМДБ «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету мекемесінің директоры Мейрамбек Қабылбекұлы, «Sharapat Digital» ЖШС директоры Еркін Тойжанов, Қызылорда облысының бас имамы Дастан Жанасұлы, облыстық дін істері басқармасының және Қызылорда қаласы әкімдігі «Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің» мамандары, қала мешіттерінің имамдары қатысты.
Семинар барысында Мейрамбек Қабылбекұлы цифрландыру жүйесін енгізудің және еліміздегі мұсылман зираттарын көтеруде ысырап пен бәсекелестікке бой алдырмай жалпыға ортақ бірізділік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталса, Еркін Тойжанов цифрландыру жұмыстарының жүргізілу барысын түсіндірді.
Сонымен қатар тиісті мекеме мамандары да аталмыш жобаға қатысты оң пікірлерін білдіріп, бірігіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізсе, бас имам Дастан Құрманбаев мешіт қызметкерлерінен құралған еріктілер тобы цифрландыру жұмыстарының жүйелі атқарылуына ат салысатынын айтты.
Айта кетейік, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен бастау алған бұл жоба жыл соңына дейін жүргізіледі. Басты мақсаты – жергілікті жерлердегі зираттарды цифрландыру, жерлеу қызметін заманға сәйкес электронды тұрғыда халыққа ұсыну.