Бүкіл ғаламды, Өз рақымымен ұстап тұрған Жаратушы Иеміз адам баласын да белгілі бір себептермен жаратты. Өмірге әкелді, денсаулық, ақыл-күш, қуат сынды сансыз нығметтер берді.
Алла Тағала қасиетті Құран кітабында: «Ізгі іс жүзінде қайсыларың жақсы екенін сынау үшін өлім мен тіршілікті жаратқан» - деп айтқан. («Мүлік» сүресі, 2-аят). Ғалымдарымыз бұл аятты адам баласы бұл дүниеге сынақтан өту үшін келген деп тәпсірлейді. Дүниенің осы сынағынан сүрінбей өтіп, тақуалық шеңберінде өмір сүрген пенде ғана өзін Алла Тағала ең жақсы көретін құлдарының қатарында болунан үміт ете алады.
Алдымен тақуа құл бола алу үшін дініміздің бес парызындағы мұсылманның сипатын талдап көрсек; себебі өмірден өткенімізше жүрегіміздегі барлық дерттен арылып, өзімізді-өзіміз тәрбиелеп үлгеруіміз керек.
Алла Тағаланың ең жақсы көретін құлы болуға, Пайғамбарымызға(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) лайықты үмбет болуға дініміздің негізі – иманымыз бастау болмақ. «Кәлима шаһадат» сөздерін, яғни «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед Оның құлы һәм елшісі» - деп айтып, куәлік етуіміз күнәләріміздің кешірілуіне себеп болады. Егер адам баласының дүниедегі соңғы сөзі «Кәлима шаһадат» болатын болса,онда оған мәңгілік рахат мекені – жұмақ сыйға беріледі. Себебі күнәләрі кешірілуімен қатар оның жүрегінде ешқандай дерт, немесе дақ қалмайды. Ол сонысымен жұмаққа лайық болады.
Екінші парыз амалымыз намаз жайында Алла Тағала қасиетті Құран кітабында: «Ақиқатында намаз арсыздықтан, жамандықтан тыяды» («Ғаңкабут» сүресі, 45-аят) – деген. Демек, намаз оқу бізге жамандық атаулыдан тосқауыл болады, тәрбие құралы болады. Ол үшін намазға деген ықыласымыз, құрметіміз осы мақсатқа лайық болуы керек. Егер біз намазымызды оқи жүре, жамандықтан тыйыла алмасақ кемшілікті өз бойымыздан іздеуіміз керек болады, яғни намазбен қарым-қатынасымызды түзеуіміз керек болады. Дініміздің тірегі болған – намазымыздың мәнін түсіне отырып, атқарғанда ғана адам баласы рухани кемелдене түсері анық. Намаз құлшылығының келесі бір құндылығы – ол адамды тәртіпке, тақуалыққа тәрбиелейді.
Алдымызда келе жатқан қасиетті Рамазан айындағы парыз амалымыз - ораза ұстау. Алла Тағала: «Сендердің тақуалықтарың арту ушін бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді» - деп айтқан. («Бақара» сүресі, 183-аят) Осы амал адам баласын кемелдікке, тақуалыққа жетелейді, ендеше адам осы айдың нығметін сезіне отырып, теріс әдеттерден, артық ауыз ғайбат сөздерден арылуы тиіс. Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Ораза кезінде адам өтірік айтуын және жалған істерін тоқтатпайтын болса, онда Аллаға, ондай адамның тамақпен судан бас тартқанының керегі жоқ» деген. Демек, ораза амалының түпкі мақсатын сезінген адам жақсылық жаққа қарай, ізгілік жаққа қарай өзгеруі керек.
Мүмкіндігі, жағдайы бар адамға парыз етілген зекет амалы тұнып тұрған тәрбие десек болады. Құранның «Тәубе» сүресі, 103-аятында Алла Тағала: «(Мұхаммед!) олардың малдарынан садақа ал да, ол арқылы оларды тазартып, берекелендіресің...» деп Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әмір етеді. Зекет мал – жанды тазартады, ісіне береке береді. Жағдайы бар адам зекет беру арқылы кедей-кепшікке көмек қолын созады, жүрегі жұмсарады, жасаған ісінен ләззат алады.
Жағдайы, шамасы келген адамға тіршілігінде бір мәрте жасау міндет болған – қажылық бізді Алланың ең жақсы көрген тақуа құлдарынан болуға апаратын амал. Адамзаттың асыл тәжі өзінің хадисінде: «Кімде-кім Алла үшін қажылық жасап, жаман сөз бен әрекеттерден аулақ болса, анасынан туғанда қандай кунәсіз болса, сондай болып күнәләрынан арылады» - деп хабар берген. Осы хадиске сай амал еткен адам қажылықтан анасынан туған куніндегі халде оралуы керек және осы қажылықтағы табиғатын сақтап, жалғастыруы тиіс.
Мына дүниенің - жалған, өмірдің – хақ екенін білген мүсылман баласы бойында – қуат, ойында – мұрат тұрғанда парыз болған амалдарын атқара жүріп, өзін Жаратушы Аллаға жол іздеу керек, «Алланың ең суйікті құлдарынан болсам екен» - деп мақсат қою керек.
Әріп Тәңірбергенұлы ақын бабамыз:
«Өлімнен бұрын, өлмек қамын ойла,
Санаулы аз өмірді босқа жойма.
Қәбірге түлкі ішікпен ешкім кірмес,
Жағасыз ақ көйлекті пішер бойға» - деп, өсиет еткен.
Егер біз осы амалдарымызды ықыласпен орындасақ, Алланың ең сүйікті құлдары болған – тақуа құлдарының қатарында болуды мақсат тұтып, кемелдікке қол жеткізссек, Алла мейірімін төгіп, жарылқаса, сынағынан өткен лайықты пенделері боламыз.
Алла соған жеткізсін!
Керімқұл Ноғайбай
Сарысу ауданы, «Жүндібай баба»
мешітінің наиб имамы