САУАПҚА ТОЛЫ МИҒРАЖ ТҮНІ

САУАПҚА ТОЛЫ МИҒРАЖ ТҮНІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Исра және миғраж оқиғасы пайғамбарлықтың шамамен оныншы жылы, яғни Ислам тарихында "қайғыға толы жыл” деп аталған кезде жүзеге асты. Сол жылы пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлкен ұлы Қасым шетінеді. Соңынан ұлы Абдулла да қайтыс болды. Бауыр еті балаларынан айырылу Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оңайға соқпады. Осы жылдары қорғаушысы әрі аяулы ағасы Әбу Тәліп пен қадірлі жары Хадиша анамыз да дүние салды. Мұсылмандар кәпірлердің зорлық-зомбылығы мен ауыр азабынан қиналған-ды. Мұндай оқыс оқиғалар мен қайғылы қазалардан Расулулланың қабырғасы қайысты.

Дегенмен, миғраж хазіреті Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз үшін Алла Тағала тарапынан үлкен жұбаныш әкелді. Үміт шамын қайта жағып өмірге деген құлшыныс оятқанды .

Осы түнде періште Жәбірейіл (Алланың оған сәлемі болсын) пайғамбарымызға: «Ей, Мұхаммед, Алла Тағала ешкімге нәсіп етпеген шарапатты саған нәсіп етпек. Сені құзырына шақырып жатыр», – дейді.

Осыдан кейін Жәбірейіл Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымызды әл-Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне бір сәтте алып келеді.

Бұл туралы Алла Тағала қасиетті Құранда: «Пендесін бір түні оған белгілерімізді көрсету үшін Харам мешітінен біз айналасын мүбәрәк қылған Ақса мешітіне (исра жасатып) апарған Алла Тағала әр түрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз Ол естуші, білуші», - деді.

Үш мешіт қасиетті саналады. Мекке қаласында орналасқан Алланың үйі Қағба, Мәдина қаласында орналасқан Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешіті және Иерусалимде орналасқан  әл-Ақса мешіті. Бұл мешіттердің маңайында қылмыс пен күнәлар жасау харам (тиым салынған). Әл-Харам деп аталуының да себебі осында.

Миғраж түнінде Алла Тағала пайғамбары Мұхаммед үмбетіне үш сый сыйлайды.

Біріншісі – Бақара сүресінің соңғы екі аяты. Хазіретті Омар (Алла оған разы болсын) айтады: «Кімде кім Бақара сүресінің соңғы аятын күнде оқитын болса, ол үйде берекетсіз деген нәрсе болмайды және жын шайтан басудан ұзақ болады», - деп айтады.

Екіншісі біз оқып жүрген бес уақыт намаз. Намаз басында елу уақыт оқу миғраж оқиғасында парыз болады, бірақ пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алладан намаз уақыттарын қысқартуын сұрағанда бес уақытқа дейін қысқартады. Сол кезде Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар алдынан шығып «Бес уақыт намазда үмбетіне ауыр келеді. Алладан бұны да қысқартуын сұра», - дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Енді мен Алланың алдына баруға ұяламын», - дейді.

Үшіншісі – жүрегінде шанның тозанындай иманы бар адамға Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қияметте шапағатшы болады.

Миғраж түнінде жасалатын нақты құлшылық ғибадаттар бекітілмеген. Бұл түннің күндізін ораза ұстау мұстахап амал болып табылса, түннің нәпіл намаздарын оқумен өткізу абзал іс болып есептеледі.

Қадірбек ӘБЕНҰЛЫ

Жамбыл облысы Байзақ ауданы

Жетібай ауылдық «Ақыл ата» мешітінің имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: