Бірде ауылдың ортақ чатына бір видео жүктеп салынды. Ашып қарасам ішімдікті мүлдем сатпайтын ауыл туралы екен. Сырттан бір-екі жігіт әлгі ауылға келіп, "шынымен ішімдік сатпайтын ауыл ма" деген оймен жасырын тексеріс жүргізеді. Бірақ екеуі барлық дүкенді аралап ішімдік таппайды. Сосын мұның сырын ауыл тұрғындарынан сұрастырады. Айтқан сөздерінен ұққаным, әлгі ауылда ішімдіктің салдарынан бір үлкен қайғылы оқиға болған. Сосын ауылдың қариялары бар, ауылдың белсенді азаматтары бар, барлығы ақылдаса келе, ауылдағы дүкендерде мүлдем ішімдік сатқызбау туралы бір ымыраға келіп, сөз байласады. Дүкен иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сөйтіп, барлығы бір пәтуаға келіп, ашықта, жасырында ішімдік сатуды мүлдем доғаруға келіседі. Бұл біріншіден, ауылдың ауызбіршілігі мықтылығын көрсетсе, екіншіден, ауылдың қарияларының сөзі өтімді, қариясын қадірлей білетін ауыл екенін көрсетеді, үшіншіден, дүкен иелерінің түсіністік танытып ішімдік сатуды доғаруы, үлкен адамгершілік қасиетке баласақ болады.
Ия, дүкендерде сатылып жатқан ішімдіктердің кесірінен қайғылы оқиғалар, оның тигізген зияны мен салдары үлкен қала, аудан, ауылдардың барлығында ізі сайрап жатыр. Өзіміздің туып өскен ауылда да қаншама ішімдіктің салдарынан болған қайғылы оқиғаларға куә болдық. Ертенгі күніне үмітпен қарап отырған, әкеден жалғыз ұлдың қайғылы қасіреті. Жаққан отының сөнгеніне сене алмаған әке мен шешенің жылағанда етегі жасқа толғанын. Үйдің асыраушысы, тірегі, камқоршысы, асқар тау әкенің қазаға ұшырап, жастайынан жесір қалған әйел мен ештеңеден хабары жоқ жетім қалған бүлдіршіндер. Ішімдіктің салдарынан отбасындағы ұрыс-керіс, аяғы ажырасуға апарып жатқан оқиғалар, балалардың тәрбиесіне тигізіп жатқан кері әсері, айта берсе көп. Әрине сатушы біреудің аузына ішімдікті қинап құймайды. Бірақ ішімдікті сату арқылы сондай келенсіз оқиғаларға себепші болады. Сосын бір қайғылы жағдай болса, сатушы күнәсіне ортақ болады. Алла бір нәрсені арам деді ма, оның құнында саудаға түсуінде арам етеді. Сондықтан ішімдіктен түскен пайда да, арам болып табылады. Ал, әрбір мұсылман отбасына адал ризық-несібесін тауып беруі керек. Ертенгі күні әрбір мұсылман Алланың алдында отбасын қандай жолмен ризықтандырғаны жайлы есеп беретінін білген жөн. «Арақ бар жерде ұрыс бар, орақ бар жерде ырыс бар» деген ішімдік ішкен адамда, ішімдік сатқан саудагерде өз ырыс берекесін қашырады. Ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Жұрт бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп айтқандай бүгінімізді ғана ойлап, ішіп-жеумен ғана өмір сүрмей, ертеңгі ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстанып, ішімдіктен бойларын аулақ ұстауына үлкендер жол-бағдар көрсетуі керек. Дүкен иелері: Мен сатпасамда, басқалар сатады деген ұстанымды тастап, ішімдік сатуды қойып, әрбір ауылда бастау алып жатқан «Ішімдіксіз ауыл» жобасына қолдау білдірсе, қайғылы оқиғаларда азаяр еді.
Өмір әр адамға бір рет берілетін мүмкіндік. Бұны төмендегі өлен жолдарында да жақсы келтіреді.
Өмір бір-ақ берілер,
Таңда жолдың тәуірін.
Арақ деген періден,
Алшақтау жүр бауырым.
Қаншама адамдар осы ішімдіктің салдарынан өмірдің негізгі құндылықтарын жоғалтып, өмірлерін өз қолдарымен құрдымға жіберіп, қайта шыға алмайтын тұңғиыққа батырып жатыр. «Арақпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым де» деген. Не отбасы жоқ. Не үйіне келгенде әкешім деп жүгіріп келіп мойнына асылатын перзенттері жоқ. Тамағын пісіріп, күлімдеп қарсы алып, үйінің берекесін кіргізіп отыратын жары жоқ. Не қасында көмек қолын созатын досы ағайын туысы жоқ жападан жалғыз ішімдікпен сырлас дос болып ақыр соныңда мәні мен мағынасы жоқ өмірінің соны жалғыздықпен өтіп жатқан адамдарды көргенде ет жүрегін езіледі. «Ел боламын десен бесігінді түзе» дейді дана қазақ халқы. Отбасы ол ұлттың қалыптасуына алғы шарт болып табылатын алғашқы институт. Отбасынан жақсы тәрбие алып шыққан бала, өзінің бағыт-бағдарын айқындап нық қадаммен өмірдің ағымына қарсы жүзе алатын, өзіне сенімді еліне пайдасы тиетін, ұлттың қамын ойлайтын үлкен тұлға болып қалыптасады. Кейбір ата-ана өз перзенттерінің болашақ өміріне немқұрайлы қарайтыны соншалық, өзі үйде отырып, балаларын ішімдікке жұмсайды. Адал дастарханына ішімдікті қойып қойып балаларының көзінше ішіп отырады. Сөйтіп балалардың бойын жас кезінен ішімдікке үйретіп, бала үшін бір қарапайым күнделікті қолданатын бір сусын сияқты бойына сініп қалыптасып қалады. Сосын ата-ана болашақта перзентінің қызығын емес, қасіретке толы пейнетін өле өлгенше зардабын тартады. «Қызың арақ ішсе қызығыңның кеткені, ұлың арақ ішсе ырысыңның кеткені» деген мақалдың мағынасына терең үніле білген адамға, үлкен мән мағына жатқаның түсінер еді.
Ішімдіктің салдарынан болған қасіретке толы зардаптарын айта берсен, том-том кітапқа жүк болар. Бірақ біздер сабақ алмаймыз. Қонақ күтсек те, той-домалақ барлығын ішімдіксіз өткізе алмаймыз. Сондай қуанышқа толы күндерде Аллаға шүкірлік етіп, жақсы дұға тілектермен қарияның берген батасын алып, жақсылықты жақсылыққа ұштастырса, берекенің бастауы болған дұға-тілектер қабыл болып, береке мен татулық, ынтымақ пен жақсылық сол үйдің босағасынан кетпес еді. Біз ақиқатқа тура қарауымыз керек. Ішімдік қойылған дастарханда жасалған дұға-тілектер еш уақытта қабыл болмайды. Кейбір қариялар сондай дастарханға отырып, соныңда бата жасап жатады. Бата кез келген жерде берілетін, мазаққа айналдыратын сөз емес. Бата үйдің иесіне Алладан жақсылық сұрап, дастарханына береке тілейтін дұға. Сол себептен бата кез келген лас жерде, соның ішінде ішімдік қойылған дастарханға берілмейді. Біздер бірінші адамның көңілінен шығудан бұрын, Алланың разылығын табуға көңіл бөлуіміз керек. Алланың разылы, сол үйге берілген жақсылықтың бастауы болып табылады.
Азды-көпті ішімдіктің қасірет пен зиян залалдарын ұғынықты етіп жеткізуге тырыстық. Елдің бірлігі мен татулығы ұштасып жоғарыда айтқан ауыл сияқты ауылдың қариялары бар, атқа мінер белсенді азаматтары бар барлығы бір ауыздан ішімдіктің сатылуына қарсы болып, түсіндіру жұмыстарын жүргіссе, егерде жүректерінде иман мен мейірімділік, адамгершілік қасиеттері бар болатын болса, дүкен иелері де барлығына түсіністікпен қарап, ішімдік сатуды қоятынына сенімділікпен айтуға болады. Әрбір адам тек бүгінің ойлаумен өмір сүрсе, елдің болашағы бұлынғыр болады. Ал ертеңін ойлаған елдің болашағы жарқын болмақ. Болашағымызды ойласақ, жастарымыздың ішімдік сияқты жаман істерден бойларын аулақ ұстауына имандылық тәрбиенің маңызы зор.
Зульфухар Түзелбаев
Талас ауданы, Бостандық ауылы, «Төртбай ата» мешіті