Биылғы қажылық маусымында Меккеде 70-тен аса адам доңыз тұмауына шалдықты. Бұл туралы Сауд Арабиясы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Абдел Азиз Саид "Аль-Йум ас-Сабиа" басылымына берген сұхбатында мәлім етті.
«Доңыз дертіне шалдыққан 70 адамның тоғызы қайтыс болды» деді А.Саид. Өкілдің айтуынша, келесі жылдан бастап министрлік қажылардың маусымдық тұмауға қарсы екпе салдыруын қатаң талап ететін болады.
Сауд Арабиясында биылғы қыркүйек айында өткен қажылық үлкен шығындарға ұшырады. Екі бірдей апат болып, мыңдаған адам қаза болды. «әл-Харам» мешітіне құлаған құрылыс краны 111 адамды ажал құштырса, Мина жазығындағы кептеліс 1453 қажының өмірін қиып кетті.