Менің пірім – Пайғамбарым (ﷺ) (жалғасы бар)

Менің пірім – Пайғамбарым (ﷺ) (жалғасы бар)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағала Пайғамбарымызға (ﷺ) бұл дүниеге келмей жатып-ақ жетімдіктің дәмін татқызған еді. Ол (ﷺ) дүниеге келерден 2 ай бұрын әкесі Абдолла қайтыс болса, алты жасқа келгенде анасы Әмина көз жұмады. Анасынан да айырылып жетім қалған Пайғамбарымызды (ﷺ) атасы Ғабдулмутәліп қолына алып өсіреді. Сексен екі жасқа келіп, өлер шағын сезген атасы немересін жақсы жерге орналастыруды қалап ұлдарының ішіндегі ең мейірімдісі Әбутәліпке тапсырады. Сөйтіп, сексен екі жасында атасының дүние салуы, сегіз жастағы Пайғамбарымызға (ﷺ) өте ауыр тиеді. Әке мейірімін көрмеген, жылы алақанын сезінбеген, алты жасында анасынан айырылған сәбиге ағасы Әбутәліп өз баласындай қарайды. Жетімсіреген көңілін аулау үшін бір жаққа барғанда қасынан қалдырмай ертіп жүретін. Құрайыштар саудаға ерекше көңіл қоятын. Әбутәліп те басқа құрайыштар сияқты саудамен айналысты. Ол қолындағы інісінің ұлын, бала Пайғамбарымызды (ﷺ) жастайынан саудамен айналысуға, пайдалы істер жасауға баулыған. Пайғамбарымыз (ﷺ) қасиетті жігіт болып өсті. Шарап, әйел және құмар ойындардан бойын аулақ салып, ауаша жүретін. Пайғамбарымыз (ﷺ) 25 жасқа келгенде құрайыштың мәртебелі де құрметті әйелдердің бірі Хадишамен (р.а.) бас қосып, үйленеді. Ата-анасыз өскен Пайғамбарымыздың (ﷺ) жаңа берекелі отбасылық  өмірі басталады. Адал да қарапайым өмір кешірген Пайғамбарымыздың (ﷺ) бақытты жанұялық өмірінің мәртебесі дүниеге келген балаларымен арта түсті. Пайғамбарымыздың (ﷺ) үш ұл – Қасым, Абдолла, Ибраһим және төрт қыз - Зейнеп, Рұқия, Үммігүлсім, Фатима есімді балалары болған. Қасым мен Абдолла кішкене кездерінде қайтыс болған еді. Мұхаммед (ﷺ) қыздарын ержеткізіп, бәрін өз қолынан ұзатқан. Ол (ﷺ) кіші қызы Фатиманы (р.а.) ерекше жақсы көрген. Ол хазірет Әлимен (р.а.) неке қосқан. Пайғамбарымыздың (ﷺ)  күллі ұрпағы оның кіші қызы – Фатима анамыздан (р.а.) тараған. Сүйікті Пайғамбарымыздың (ﷺ) Фатимадан басқа балаларының барлығы өзінен бұрын бақилық болған.  

Алла Тағала Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) қырық жасқа келгенде оған үлкен міндет – Алла мен Оның жаратқан құлдарының арасындағы елшілікті нәсіп етті. Тұңғыш уахи келгенде қырық жасқа келсе де қара танымаған Пайғамбарымыз (ﷺ)  Жаратушының құдіретімен қара танып, оқи бастады. Жаратқан Иеміздің әмірлерін біртіндеп орындай бастады. Ұлы міндеттің жауапкершілігі мен қиындығын түсінген Пайғамбарымызды (ﷺ) әуел баста жан жары Хадиша анамыз, хазірет Әли, азат құлы Зайт, жан досы Әбубәкір (р.а.) қостаған еді. Пайғамбарымыздың (ﷺ) пайғамбарлығына ең алдымен сенген  адам – Хадиша анамыз (р.а.) болатын. Пайғамбарымыз (ﷺ) Әбутәліптің Әли есімді ұлын асырап алады. Бес жасар Әли Мұхаммедтің (ﷺ) отбасында ержетті. Оқып, хат таныды. Мұхаммедке (ﷺ) пайғамбарлық келгенде Әли олардың қасында болатын. Пайғамбарымыз (ﷺ) бен Хадиша анамыздың (р.а.) Құран оқып, Аллаға құлшылық жасағандарын көріп, Ислам дінін қабылдап, мұсылман болғанын білдірді. Осылайша, еркек кіндіктіден тұңғыш Ислам дініне  кірген Әли болды. Әлиден кейін Пайғамбарымыз (ﷺ) азаттық берген құлы Зайт мұсылман болды. Ол басына бостандық алған соң, әкесінің қасына кетіп қалуына болушы еді, бірақ ол Мұхаммедтің (ﷺ) адалдығына, мейірімділігіне, Хадиша анамыздың (р.а.) бауырмалдығына  тәнті болғандықтан бұл қасиетті, берекелі отбасын тастап кете алмады. Сонымен, Мұхаммедке (ﷺ), оның пайғамбарлығына сеніп алғаш мұсылман болғандар – Хадиша, Али және Зайт еді. Төртінші болып дінге кірген Мұхаммедтің (ﷺ) жан досы Әбубәкір Сыдық (р.а.) болатын. Жан досының мұсылман болуы Пайғамбарымызға (ﷺ) үлкен сүйеніш болды. Осылайша, алғаш осы төрт кісі мұсылман болған делінеді: әйелдерден алғаш мұсылман болған хазірет Хадиша анамыз, жастардан хазірет Әли, құлдардан Зайт, еркектерден хазірет Әбубәкір Сыдық. Оларға Алла разы болсын!

Ақерке Сыдықова

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: