Жамбыл облысы Байзақ ауданы Байзақ ауылында «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында тағы бір отбасы үйлі болды. Ауылдағы аз қамтылған үш балалы, жалғыз басты ана Қымбат Ходжибаеваға арналып салынған үй салтанатты түрде иесіне табысталды.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудандық Мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев қазіргі қиын кезде ауыл азаматтарының ұйымшылдық танытып, жалғызбасты анаға асарлатып, үй салып бергендеріне алғыс айтып, аудан әкімінің ыстық сәлемін жеткізді.
Ауданның бас имамы Қанат Жұмағұл үй иелеріне «құтты болсын» айтып, бұл баспана осы әулеттің қарашаңырағына айналсын деген тілегін жеткізді. Мұндай сауапты істен жергілікті жерлердегі ауыл имамдарының да шет қалмай үлес қосып жүргендерін айтып, ауыл имамы Рахымбек Кенжебайұлына ризашылығын білдірді. Аудан имамын қолданысқа берілген бұл үй жергілікті әкімдік, ҚМДБ және оған қарасты имамдар ұйымдастырған, ел тұрғындары қолдаған 682-баспана екенін атап өтті.
Бұдан кейінде ауыл аналарының бірегейі Жұпар Ходжибаева бастаған ауыл азаматтары үйге демеуші болғандар мен үйдің бітуіне көп үлес қосқан жастарға ризашылықтарын білдіріп, үй иесін қуанышымен құттықтады.
Округ әкімі Ғазиз Абаханов та өзінің тілегін білдіріп, үй салуға көп үлес қосқан ауылдың бірнеше жастарына Алғыс хаттар табыс етсе, үй иесі Қымбат осындағы жұмыстарды негізінен өз қолдарымен жасаған жастарға алғыс айтумен бірге сыйлық табыстады.
Ауылдағы жап-жаңа баспананың лентасын Бақтияр Ақбаев пен ауыл ақсақалы Мұрат Асқаров қиған бетте жағалай шашу шашылды. Қуанышқа жиналған қонақтар мен ауыл тұрғындары үй ішін аралап, көрді.
Бар болғаны 3,5 айда тұрғызылып, пайдалануға беріліп отырған 4 бөлмелі үйдің барлық жағдайлары жасалған екен. Үйге газ, электр жарығы, су кіргізілген. Соңғы үлгімен салынған үй өз ерекшелігімен көз тартады. Қазіргідей қымбатшылық екі бүйірден қысып тұрған уақытта мұқтаж азаматқа осындай үй соғып беріп отырған ауыл азаматтарының оңды ісі өзгелерге үлгі боларлықтай. Ал бұл ауыл халқының ынтымағын көрсетеді.